ЖАҢАЛЫҚТАР

МЕМЛЕКЕТІМІЗДЕГІ АСА ҚАУІПТІ ІНДЕТ-СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ

Сыбайлас жемқорлық – бұл қоғамның өзекті мәселесі. Мемлекеттің кеміргіштері- жемқорлар. Түптеп айтқанда, сыбайлас жемқорлық — мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы. Өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де бейқызметтік мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс табады.

Қазақ елінің болашағын, оның қуатты, дамыған, өркениетті болуын барлық қазақстандықтар армандайды. Бұл біздің ата-бабаларымыздың ежелден келе жатқан арманы еді. Соны жүзеге асыру біздің маңдайымызға жазылып отыр. Сондықтан ел боламыз, жұрт боламыз десек, қоғамның әр мүшесі, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер өздеріне жүктелген міндеттерді кіршіксіз, адал, көрнекі тұрғыда атқару керек.

«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік мағынасына этимологиялық түрде қарасақ, мұны «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» деген латын сөзін алып, анықтауға мүмкіндік береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс — әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды.

Қазақтан сөз қалған ба?! Парақор адамды мемлекеттік қызметке қою — ұрыға қой баққызғанмен бірдей. «Ұрыға қой баққызған»- қазақтың ғасырлар бойы қолданып келген метафорасы. Ол нақты бір адамға тіл тигізу емес, әділетсіздікке қарсы айтылатын бейнелі сын. Бұл сөз үшін азаматты жазалау – қазақтың мақал-мәтелін қылмысқа теңегенмен бірдей. Бұл — ел басқарудағы, кадр таңдаудағы әділетсіздік пен салғырттыққа қарсылық ретінде айтылатын сын сөз.

Иә, халқымыз ар-ұятты жоғары қойған. Өр, намысты, адалдықты пір тұтқан. Мемлекеттің дамуына бармақ басты, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан да жақсы білеміз.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Өмір көрсеткендей, қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік – экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Яғни, сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сонымен қатар кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Нақты айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайтуымыз керек деп ойлаймын.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл қауіпті құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Ол үшін әрине, бірлік керек, адамның адамға деген жанашырлық тірлігі керек. Бұл тек мемлекеттің мүддесі ғана емес,бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір азамат бұл мәселеде алаңдаушылық сезініп, жемқорлық фактілеріне бейтарап қалмауы тиіс дегім келеді.

Ақпарат құралдарында жазылып жатқан жемқорлық туралы көптеген мәселер оқырманға таныс, яғни көптеген шенеуніктердің сотталып жатқаны немесе елімізден шетелге заңсыз жолдармен кеткен қаржы көлемі қисапсыз кеткендігі және т.б.

Елге қызмет етуді міндет қылып жүктелген мемлекеттік қызметшілер өз кезегінде Этикалық кодекстегі қағидаларды басшылыққа алып, олардың арасында қазіргі таңда қоғамда орын алған сыбайлас жемқорлыққа төтеп бере алатындай иммунитет қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда адалдық, әділдіктің принциптерін ұстану барлық мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін жауапкершіліктің ең басты қағидаттары болы тиіс.

Дәлілірек айтсақ мемлекеттік қызметшінің ұстанатын ұстанымы жеке мүддесі емес, ең алдымен елдің мүддесі тұруы тиіс, өйткені олар ең алдымен халық назарында. Біздің тоқтамымыз бойынша, тірлікті сан-саққа тартпай, бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы болуы тиіс. Бұл орайда, данышпан Абай атамыз: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дейді. Сондықтан, еліміздің болашағы үшін өзара бірігіп еңбек етуіміз қажет.

Ал ортақ мақсат және бірлік ынтымақтың кепілі. Мақаладағы негізгі ой, мемлекеттік қызмет аясында кейбір қызметкерлердің өрескел іс-әрекеттерін алдын-алудың жолдарына тоқталу, өйткені, мемлекеттік қызметкерге қойылатын ерекше талаптар бар. Демек, заң жүзінде мемлекеттiк қызметшi дегеніміз мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы деп – анық көрсетілген. Алайда, аталған қызметкерлер өкінішке орай мемлекеттік қазынаға қол сұғушылықтары жиі кездесетіні мәлім. Сондықтан, аталарымыз айтқан «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі өзінің өміршеңдігін ешқашан жоғалтпаған. Яғни, адам баласының өмір сүру ұстанымдары ең алдымен рухани-сенімділік, рухани-адамгершілік, имандылық және зайырлы мемлекеттің құқықтық нормаларын бұзбау қағидаттарын сақтауы тиіс дегім келеді.

ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы тамыздағы ҰҚК СЖҚҚ іс-қимыл нәтижелерін сараптап өтсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес шеңберінде ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тамыз айында ҚР Қылмыстық кодексінің келесі:

— 361-бап (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) – 4;

— 362-бап (билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) — 1;

— 366-бап (пара алу) — 17;

— 367-бап (пара беру) — 18;

— 368-бап (парақорлыққа делдал болу) — 3;

— 189-бап (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) — 4;

— 190-бап (алаяқтық) — 2;

— 369-бап (қызметтiк жалғандық жасау) — 1;

— 433-бап (қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру) – 1 баптары бойынша сараланатын 51 құқық бұзушылық фактісін тіркеді.

Сотқа ҚР Қылмыстық кодексінің:

— 189-бап (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) — 9;

— 190-бап (алаяқтық) — 6;

— 366-бап — (пара алу) — 6;

— 367-бап (пара беру) — 5;

— 368-бап (парақорлыққа делдал болу) — 2;

— 365-бап (заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасау) – 1 баптары бойынша 29 қылмыстық іс жіберілді.

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін 2 адамға 730 мың теңге сомасында сыйақы берілді. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табуда. Бұл биылғы тамыз айындағы ақпарат.

Сайып келгенде санамызға сілкініс жасап, көкейімізге бір түйетініміз, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған, сондай-ақ оған өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды қолдау сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша пәрменді тетік болып табылатынын атап өту қажет. Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адамдарды қорғау «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте мұндай жағдайлар туралы хабарлаған адам ақшалай қаражатпен қамтылып қана қоймай, мемлекеттің қорғауында болады. Әрине, мұндай адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия саналады.

Парасатты адам парақорлықтан ада болуы үшін жемқорлық фактілеріне тап болған жағдайда 1424 нөмірі арқылы шұғыл хабар беруді де есте сақтаған жөн.

Қорыта келе, иманды адам — жақсылық ойлауы тиіс және айналысына мейір — шапағатын төгіп, қамқорлық жасауға әзір тұрып, әркімге әдеппен қарауға ұмтылу құлшынысын туындату қажет. Сондықтан да иманды адамды бет бейнесінен танып, халық оны иман жүзді адам дейді.

«Тура биде туған жоқ, туысты биде иман жоқ» деп, халық иманды адамның әділетті, шыншыл болатынын уағыздайды. Ал адам болу — кісілік борыш. Иманы кәміл адам мейірімді болады. Қазақ халқы ұрпағын мейірімділікке тәрбиелеп, қатыгездіктен қашып, қаталдықтан сақтандырып отырған.

Сонымен, парақорлық – адамдар арасында ескіден келе жатқан мерез. Мысалы, ақын Шортанбай Қанайұлы «Дария құйсаң толар ма?» атты өлеңінде өз заманындағы би-болыстарды жемқорлықтан сақ-тандырған екен. Оның өлең жол-дарымен жеткізген мына насихаты әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.

«Билер, пара жемеңдер,

Жанға бейнет кезбеңдер.

Кісі хақын алмаңдар,

Аузыңа пара салмаңдар.

Дүние жинап өткен жоқ,

Бізден бұрынғы Пайғамбар.

Сөз айтайын, үлкендер,

Құдайдан ғапіл өтпеңдер.

Әлің келсе, Мекке бар,

Артық дәулет біткендер!» -деп жырлап кеткен екен. Абай бабамызша айтсақ, пайда ойламай арды ойлап, парасатты болып, парақорлыққа жуымайық дегім келеді.

Aнар СӘРСЕНБИНА,

Абай ауданы

«Abai elı» газетінің жауапты хатшысы, журналист

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

«Ақпарат саласының үздігі» медалінің иегері

Ұқсас жазбалар

Қара шаңырақтың берекесін арттырған азамат

Anar Sarsenbina

Бәрекелді! Бәрекелді!

Anar Sarsenbina

ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: АҚПАРАТТЫ ІЗДЕУДЕН МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ІЛГЕРІЛЕТУГЕ ДЕЙІН

Anar Sarsenbina

ПІКІР ЖАЗУ