ЖАҢАЛЫҚТАРҚарт — қазына

АРДАГЕРЛЕР-АЛТЫН ҚАЗЫНАМЫЗ

Қазақ халқы қашанда қарияларын төріне оздырған, қазына деп құрметтеген. Ақылы терең, жүрегі кең ақсақалдар әркез елдің тыныштығын, татулығын, бірлігін сақтай білген. Сондай үлкендерді сыйлап, сөзіне құлақ асу қазір де елдің ынтымағын сақтауға септесіп, ырысын ұйытып келеді. Біздің аудандық ардагерлер кеңесі де осы мүдде тұрғысынан табылып, хал-қадірінше қызмет қылып келе жатқан қоғамдық ұйым болып табылады.

Алдыңғы буын аға-апалардан үлгі алып, ізін басқан олар бүгінде түрлі мерекелік, танымдық, тағылымдық шараларға белсенді қатысып, өз ой-пікірлерімен, ұсыныс-тілектерімен, ақыл-кеңестерімен көрініп жүр.

Елімізде ардагерлер ұйымы 1987 жылы 21 наурызда құрылған. Оның тұңғыш төрағасы мемлекет және қоғам қайраткері Шәңгерей Жәнібеков болса, 1990 жылдан Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов басқарды. Сол кездің өзінде-ақ ұйымның негізгі мақсаты – ел тыныштығын қорғап, қазақ ұлтының мәртебесі мен беделін көтеру, жас ұрпақ санасына патриоттық тәрбие, үлгі-өнеге тағылымдарын сіңіре отырып, жасампаздықты паш ету еді. Одан кейінгі мерзімдерде Мақтай Сағдиев, Қайырбек Сүлейменов, Өмірзақ Озғанбаев сияқты танымал тұлғалар жетекшілік жасаса, 2016 жылдан «Қазақстанның Еңбек ері» Бақтықожа Ізмұханбетов басқарып келеді. Сол сияқты бізде де 1983 жылы құрылған аудандық ардагерлер Кеңесін алғаш рет Ұлы Отан Соғысының ардагері Ұлықбек Байырбеков басқарса, 1985 жылдан 1991 жылға дейін Рымхан Ғабдуллин басқарды, 1991 жылдан 2018 жылдың соңына дейін Марат Түңлікбаев басқарып келді. Бұл кісілер өз қызметтерінде ардагерлер мүддесін көздеп, күрделі проблемалардың шешілуіне сүбелі үлестерін қоса білді. Олар ардагерлер ұйымының жұмысын жандандырып, белсенділікті, бірлікті қалыптастыруға үлкен күш-жігер жұмсады.

Аудандық ардагерлер Кеңесі мен бастауыш ұйымдар «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің 2011 жылғы VI-шы съезінде бекіткен ережесін, сондай-ақ кейінгі съезд шешімдері мен облыстық ардагерлер кеңесінің қаулы-қарарлары мен нұсқауларын басшылыққа алып, жұмыс жүргізіп келеді.

Аудандық ардагерлер Кеңесі 9 бастауыш ардагерлер ұйымынан тұрады. Ауданымызда 15000-дай халық болса, соның 2000-нан астамы зейнеткерлер. Олардың 52-сі тыл ардагері және 79 жалғызбасты қариялар бар. Олар толық қамқорлыққа алынған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе отырып, аудандық ардагерлер Кеңесі зейнетақысы төмен, басқадай күн көріс көзі жоқ, жалғыз басты ардагерлерге ауыл әкімдері мен кәсіпкерлер арқылы қайырымдылық көмек көрсетуде. Мұндай санатқа аудан бойынша 250 адам жатқызылған.

Ұзақ жылдар жемісті жұмыс атқарып келе жатқан Көкбай ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы Медетбеков Сәкеннің, Қарауыл ауылы бастауыш ұйымының төрағасы Несіпбаев Шыңғыстың, Құндызды бастауыш ұйымының төрағасы Тайтөлеуов Қайырбектің атқарып келе жатқан жатымды жұмыстарын атап айтуға болады. Сол сияқты Саржал, Тоқтамыс, Кеңгірбай би, Қасқабұлақ ауылдарындағы ардагерлер ұйымын басқарып отырған Ибраев Серікбай, Боранбайұлы Сағат, Жарасбаев Асқар, Смайлов Аманғалилар да тыңғылықты жұмыстар атқара білуде.

Мемлекет басшысының Жолдаулары мен одан бергідегі арнауларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты зерттеп, саралап, терең талдау жасап, оны жүзеге асыру мақсатында нақты міндеттер белгілеп отыр. Мұның барлығы еліміздің өркендеуі, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы жолында жасалған игі қадамдар деп есептейміз.

Бастауыш ұйымдарда 2021 жылы өткізілген есеп беру – сайлау жиналыстары мен осы күзде өткізілетін есеп берулері аралықтарында аудандық ардагерлер Кеңесінің Пленумдары мен президум отырыстары, әр түрлі жиындар мен семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, оған белсенді ардагерлеріміз үнемі қатыстырылып отырылды. Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды. Тонның жағасы болмаса тоңамыз, елдің ағасы болмаса азамыз. Жас буын ағаға қарап бой түзейді, ой түйеді. Ардагер қарияларымыз біздің асыл қазынамыз, ақыл-ойды, салт-дәстүрімізді, дініміз бен тілімізді мұра етіп жария етушілер, адами қасиеттерді жас ұрпақ бойына дарытушылар. Бұл ретте Толғанбаев Манатай, Қасабаев Нұрдырахман, Жанғалиев Төлеген, Аманғазин Төлеубек, Мырзақасымов Әсет, Махметов Совет, Жақыпбеков Серікбек, Дүрмекбаев Қайырғазы, Нұрпейісов Сайлау, Еділбаев Марат, Жүнісжанов Малғаждар, Әбеуов Серікхан, Амантаев Ғабділманап, марқұм болып кеткендер: Орынбаев Байбота, Түңлікбаев Марат, Бейсенбаев Базарбай, Искаков Совет, Рақышев Бекмұхаммед, Мұқанов Майдан, Мұқатаев Амантай, Имаханов Ерлан, Белібаев Мейрамбек, Имантаев Бектөлеу, сондай-ақ белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқан «Нұр Саналық» Әжелер алқасының мүшелері Көпжанова Серікқайша, Төкішева Үміткүл, Ысқақова Бақытжамал, Тайжанова Гүлғайша, Ыдырысова Жамал және басқалар жарқын үлгі көрсетіп, келелі кеңестер айтып, ауданның зиялы ақсақалдары мен әжелері ретінде кейінгі толқын жастарға тәрбие беру ісіне белсенділікпен араласа білді.

Ардагерлерді құрметтеу – баршамыздың парасатты парызымыз. Бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі сол аға буынның арқасы. Яғни, майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті – Ұлы Отан Соғысындағы Ұлы Жеңісті әкелді. Келесі жылы осы ұлы ерлікке 80 жыл толады. Отан үшін от кешкен қадірлі қарияларымыздың барлығы да бүгінде о дүниелік болып кеткен. Бірақ, «ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» ұранымен қалыптасқан жасампаз дәстүрімізбен Жеңіс күнін лайықты деңгейде атап өтіп отыруға борыштамыз. Осы орайда осыдан 40 жылдан астам бұрын жасалған «Жеңіс алаңының» қазіргі заманға сай көркемділікпен қайта жасалуы көңілге қуаныш, сезімге ризалық ұялатты. «Белгісіз жауынгер» ескерткішімен қоса 4 батырымыздың бюстісі қойылды, 1528 соғыс ардагерлері мен боздақтардың аты-жөні қара мәрмәр тасқа айшықтала қашалып жазылуы айтулы іс, нұрлы жұмыс болды. Бүгінде ауданымыздағы 52 тыл ардагері мен 8 Ауған соғысы, Тәжікстан мен Таулы Қарабақтағы қақтығысқа қатысқан 6 жауынгер, 3 Чернобыль апатына қатысушы лайықты құрметке бөленіп келеді.

Ардагерлер қоғамымыздың алтын діңгегі болып табылады. Еліміздегі болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістердің барысын аудан ардагерлері үнемі қадағалап, қолдап, қуаттап отырады десек, артық айтқандық емес. Аудан мектептерінде аға буын ардагерлер тәрбие сағаттарына қатысып, кітапханаларда өткізілетін дөңгелек үстелдерде өз тұжырымдарын білдіріп, мәдени орындарда өтетін жиындарда жастарға үнемі еліміздің жасампаз саясатын түсіндіріп келеді. Ардагерлеріміз жылына бір рет келетін 9 мамыр Жеңіс күні мен 1 қазан Қарттар күнінде үнемі құрметтеліп, түрлі марапаттарға, сый-сияпаттарға ие болуда.

Аудандық ардагерлер Кеңесінің ұйымдастыруымен жылда «Батагөй қарттар» байқауы, дойбы-шахмат жарыстары, «Өнерпаз «әжелер» жарысы сияқты шаралар өткізілуде. Жаңадан қабылданған «Ардагерлер туралы» заң ардагерлер көңілінен шыға білді. Бұл заңда ардагерлердің мүддесі барынша қорғалған.

Тәрбиелі ұлт, дамыған ұлт өз қариясын сыйлап, үлгі тұтқан және мол тәжірибесінен тәлім алған. «Қариясы бардың – қазынасы бар» деп аталған нақыл сөз де бекер айтылмаған. Ардагерлер кеңесінің басты мақсаты – қариялардың құқықтары мен мүдделерін жан-жақты қорғау, олардың материалдық жағдайы мен медициналық қызметті пайдалануын, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуін жақсарту, жастармен патриоттық жұмысты күшейту, қоғамда тұрақтылықты сақтауға септесу болып табылады. Бұл ретте, мал азығының, көмір бағасы мен азық-түліктің және дәрі-дәрмектің құндарының жоғары болуы зейнеткерлердің күнделікті өміріне әсер ететіні белгілі. Сондай-ақ биылғы жылға дейін созылған 4-5 жылғы қуаңшылық жайылымдардың жағдайын нашарлатып келді. Осы мәселелер біздің күнделікті айналысатын шаруаларымыз болып табылады.

Бабалар өнегесі, ағалар аманаты ұрпаққа ұран болуға тиіс екені белгілі, осы қасиетті ұғым арқылы халқымыздың ұлттық сана-сезімі асқақтай түсетіні, көңілімізде көп тағылым қалдыратыны аян.

Қорыта айтқанда, ардагерлер ұйымдарының басты міндеті жоғарыда айтылғандай-ардагерлер мен жастардың сабақтастығын нығайтып, пәрменді тәрбие жұмыстарын жүргізе беру. Жарғымыз бен мемлекет басшысы жолдауларындағы міндеттерді мүлтіксіз орындап, кездескен кемшіліктерден тиісті қорытынды шығарып, өз парыздарымызға жауапкершілікпен қарау болып табылады.

Қазақта «Төріңнен қарт кетпесін» деген аталы сөз бар. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы жас ұрпақ үшін аса құнды. Қарттарымыздың қатары ортаймасын.

 

Мұқажан Серік БИМҰРАТҰЛЫ

Абай аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы

Ұқсас жазбалар

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЦИФРЛЫҚ КОНТЕНТТІҢ САПАСЫ: ӨҢІРЛІК МЕДИАНЫҢ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ ЖӘНЕ ДАМУ ПЕРСПЕКТИВАЛАРЫ

Anar Sarsenbina

«АБАЙ ЕЛІ» ҰЖЫМЫН МАРАПАТТАДЫ

Anar Sarsenbina

ФАКТЧЕКИНГ: АҚПАРАТТЫ ТЕКСЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ӘДІСТЕРІ

Anar Sarsenbina

ПІКІР ЖАЗУ