БІЛІМ ЖӘНЕ ШӘКІРТЖАҢАЛЫҚТАР

Құндызды төрінде – Шәкір рухына тағзым!

Құндызды ауылы үшін биылғы жыл ерекше есте қалатын айтулы кезеңдердің бірі болды. 12 қыркүйек күні туған жердің тарихында өшпес із қалдырған, елдің ардақты азаматы, ақын, әнші-композитор Шәкір Әбеновтің 125 жылдық мерейтойы ауыл жұртының үлкен құрметімен аталып өтті. Шәкір атаның есімі Құндызды халқына етене таныс. Оның шығармалары мен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып келеді. Сондықтан мерейтойдың ауыл көлемінде кеңінен аталып өтуі – елдің өз перзентіне деген құрметінің белгісі.

Мерейтойға ауылдың ардақты да белсенді азаматтары ұйытқы болып, айтулы күнді көпшілікке ортақ үлкен мерекеге айналдырды. Шараға мектеп ұжымы мен оқушылары да белсене атсалысты. Әсіресе, Ш. Әбенов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп үшін бұл мерейтойдың орны ерекше болды. Мерейтойлық шараның алғашқы қадамы мектептен басталды. Бұл күн білім ордасының оқушылары үшін де үлкен сабақ болды. Өйткені олар өз ауылынан шыққан тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығына жақынырақ үңілуге мүмкіндік алды.

Шараның ашылуында Шәкір Әбеновтің мүсініне гүл шоқтары қойылып, ақын рухына тағзым жасалды. Оқушылар мектеп гимніне айналған Шәкір атаның әнін шырқап, оның шығармашылығын көпшілікке таныстырды. Жас жеткіншектердің ақын жырларын жатқа айтып, арнауларын жеткізуі – Шәкір мұрасының бүгінгі ұрпақ санасында да сақталып келе жатқанының көрінісі.

Мектеп ұжымы үшін де бұл күннің тәрбиелік мәні зор болды. Ұстаздар оқушыларды ел тарихын білуге, туған жерден шыққан тұлғаларды құрметтеуге, олардың еңбегін бағалауға баулыды.

Мектептегі шарадан кейін көпшілік Шәкір атаның бейітіне барып, құран бағыштады. Ақынның рухына дұға бағышталып, өткенге құрмет көрсетілді.

Одан әрі мерейтойға қатысушылар музейге ат басын бұрды. Музейдегі әрбір жәдігер Шәкір атаның өмірінен сыр шертіп, оның артында қалған мол мұрасын тағы бір еске салғандай болды. Осы жерде мектеп оқушылары ақынға арнап жазылған ауыл азаматтарының арнауларын оқып, көпшілік назарына ұсынды.

Мерейтойдың келесі бөлігі ауыл ортасында жалғасын тапты. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, қазақтың ұлттық дәстүрі мен салтын дәріптейтін мерекелік орта қалыптасты. Ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен түрлі ұлттық ойындар өткізіліп, жиылған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйланды. Мерекелік шара барысында ұлттық спорт түрлеріне де ерекше көңіл бөлінді. Жиналған жұртшылықтың қызығушылығын арттырған қазақ күресі, қол күрес және арқан тартыс сынды сайыстар ұйымдастырылды. Білектің күшін, ептілік пен шымырлықты сынаған жарыстарға қатысушылар белсенділік танытып, өзара бақ сынасты. Ұлттық мерекенің ажарын айшықтаған ойындардың бірі – көкпар болды. Ат үстіндегі жігіттердің намыс пен ептілікті сынға салған тартысын тамашалаған жұртшылық ерекше әсер алды. Көкпардың дүбірі ауылдағы мерекелік көңіл күйді одан әрі қыздыра түсті.

Киіз үйлер тігілген алаңда халықтың басы қосылып, ағайын-туыс, ауылдастар мен қонақтар жүздесті. Үлкендер өткен күндерді еске алып, Шәкір атаның елге сіңірген еңбегі жайында әңгіме өрбітсе, жастар үшін бұл күн тағылымы мол мерекеге айналды. Мерекелік бағдарлама концертпен жалғасты. Өнерпаздар ән айтып, көпшілікке өз өнерлерін ұсынды. Кешкі уақытта арнайы келген әншілер де өнер көрсетіп, ауыл халқына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ән мен жырға ұласқан кеш Шәкір атаның өнерпаздық қырын тағы бір еске салғандай болды.

Шәкір Әбеновтің 125 жылдық мерейтойы Құндызды ауылының ұйымшылдығын, туған жердің тұлғасына деген құрметін көрсетті. Мерекені ұйымдастыруға атсалысқан ауыл азаматтарының еңбегі, мектеп ұжымы мен оқушыларының белсенділігі бір арнадан тоғысып, мазмұнды шараның өтуіне себеп болды. Бұл – жай ғана мерекелік шара емес, ел азаматын еске алып, оның рухани мұрасына тағзым еткен, үлкен мен кішіні бір арнаға тоғыстырған айтулы күн болды. Шәкір атаның есімі ел жадында жаңғырып, оның шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бергей!

 

Темірболатова Н.М

Ш.Әбенов атындағы орта мектептің қазақ тілі, әдебиеті пәні мұғалімі.

Ұқсас жазбалар

ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: АҚПАРАТТЫ ІЗДЕУДЕН МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ІЛГЕРІЛЕТУГЕ ДЕЙІН

Anar Sarsenbina

ҚАСҚАБҰЛАҚТА ҚАЙНАҒАН ҚЫЗУ ТІРШІЛІК

Anar Sarsenbina

Anar Sarsenbina

ПІКІР ЖАЗУ