РУХАНИЯТ

«JANA KLUB» КОМЬЮНИТИ –ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Оқу мәдениеті — қоғам дамуының негізі

Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев 2024 жылы Атырауда өткен III Ұлттық құрылтайда «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы–кітап оқу. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек», деп атап көрсеткен болатын.

Иә, кітап оқу — жеке адамның әдеті ғана емес. Ол қоғамның интеллектуалдық әлеуетіне тікелей әсер ететін маңызды мәдени фактор.

Бүгін ақпарат бұрынғыдан да көп әрі жылдам таралады. Алайда ақпараттың көп болуы адамның білім деңгейі автоматты түрде жоғары дегенді білдірмейді. Керісінше, ақпарат ағыны күшейген сайын оны түсіну, саралау, салыстыру және дұрыс қорытынды жасай білу қабілетінің маңызы арта түсуде.

Осы тұрғыдан алғанда, оқу мәдениеті — жай ғана кітап оқуға деген қызығушылық емес, адамның ойлау мәдениетінің бір бөлігі.

Сондықтан оқу мәдениетін қалыптастыруды тек мектептің немесе отбасының міндеті деп қарау дұрыс емес. Бұл — қоғамның ортақ мәдени ортасын қалыптастыру мәселесі.

Мұнда кітапханалардың қолжетімділігі, сапалы білім беру ортасы, кітап нарығының дамуы, отандық авторларды қолдау, әдеби және ағартушылық жобаларды көбейту, кітап оқу қауымдастықтарын қалыптастыру сияқты факторлардың барлығы маңызды.

Қоғамның ойлау деңгейін көтерудің бір жолы — оның оқу мәдениетін көтеру десек, мемлекеттік басымдық: президент көтерген бастамалар — біз жүзеге асырып жүрген істермен үндес. Президентіміздің «Кітапхана– мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек»,-деген сөзі көкейге қонып, дәстүрлі жалғасын табуда.

«Жаңа клуб» – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеялардың ордасы

28 қыркүйек – Мұхтар Әуезовтің туған күні. Биыл жазушының туғанына 129 жыл толып отыр. Тұлғаның туған күнінде қаламгер дүниеге келген Абай елінде, яғни ауданымызда бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

Абай облысында 30 ауылдың кітапханасы жаңғыртылады десек, алғашқысы біздің ауданымызда пайдалануға берілді.

Иә, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туған күніне орай дәл осы күні ұлы тұлға атындағы орталық кітапханада «Жаңа клуб / Jana klub» комьюнити-орталығының ашылу салтанаты біздің ауданнан бастау алуы баршамызды қуанышқа бөледі.

Бүгінде кітапхана – тек кітап оқитын орын ғана емес, тұрғындардың басын қосып, білім мен шығармашылыққа, пікір алмасу мен жаңа идеяларға жол ашатын заманауи мәдени кеңістік. Осы бағыттағы жаңғырту жұмыстары «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Жаңа клуб» жобасы аясында, «Тана» қоғамдық қоры мен Абай облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Абай облысындағы жобаның жалпы бюджеті: 1 128 125 886 теңгені құрайды.

Орталық кітапхананың жаңарған ғимараты ел сүйсінетіндей түбегейлі өзгерген. Кітапхананың ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрайымы, Қазақстан Халық кеңесі төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов, «TANA» қоғамдық қорының төрайымы Кәмила Лұқпанова, Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері Думан Орынбеков пен Мерей Қарт қатысты.

Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әсіресе, жас ұрпақты кітапқа баулу маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«2027 жылы ұлы қаламгердің туғанына 130 жыл толады. Сондықтан бүгінгі кітапхананың ашылуын біз алдағы мерейлі жылдың алғашқы іс-шарасы басталды деп айтуымызға болады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетіне айрықша мән беріп келеді. Биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Демек, бүгін Қарауылда ашылып отырған жаңа кітапхана – ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан рухани саясаттың нақты көрінісі. Осындай игі істің жүзеге асуы мемлекет, қоғам және қайырымдылық қоры арасындағы нәтижелі серіктестіктің айқын үлгісі. Осы ретте «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына, жобаның операторы ретінде әр кітапхананың мазмұны мен жаңа келбетін қалыптастыруға атсалысқан «TANA» қорына ерекше алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

Жоба аясында Қарауыл, Көкбай және Қасқабұлақ ауылдық кітапханалары заманауи жиһаздармен, қажетті техникалық құралдармен жабдықталып, оқырмандарға қолайлы әрі жаңа форматтағы кітапханалық кеңістіктерге айналды.

Жаңартылған кітапханалар базасында кітап оқуға басымдық беретін заманауи «Jaña Klub» қоғамдық орталықтары құрылады. Жоба аясында 2026-2027 жылдары Абай облысындағы 30 кітапхананы жаңғырту жоспарланған. Жобаның алғашқы кезеңінде жыл соңына дейін 15 кітапхана жаңартылып, ел игілігіне беріледі. Қарауыл ауылындағы М.Әуезов атындағы орталық кітапхана – осы ауқымды жоба аясында жаңғыртылған алғашқы нысан. Келесі жылы тағы 15 кітапхананы жаңарту көзделген.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 15 кітапхананы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге және кітап қорын жаңартуға, «TANA» қоры жобалық басқаруға, кітапхана қызметкерлерін оқытуға және мәдени бағдарламаларды ұйымдастыруға қаржы бөлді. Абай облысының әкімдігі ғимараттарды жөндеуге қолдау көрсетті.

«Бұл жерде әр адам өзіне керегін, өзіне ұнайтын дүниесін таба алады. Балалар сурет салып, кітап оқып, интеллектуалды ойындар ойнаса, ата-әжелер жастарға салт-дәстүрімізді үйретсе, жастар келіп кітап оқып, білімін жетілдірсе – қандай тамаша! Осылайша, кітапхана ауыл тұрғындарының бос уақытын мәдени әрі рухани тұрғыда тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін ортаға айналады. Ауылда да, қалада да адамдарға қажетті заманауи әрі қызықты мүмкіндіктер бірдей қолжетімді болуы тиіс. Біз осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыра береміз », – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева.

Бұдан шығатын қорытынды, ықтимал жауабымыз: кеңістік әрекетке әсер етеді. Әрекет ойлауды өзгертеді. Бұдан бұрын бос залдар, ескірген интерьер, жастар аз болса әрі кітапханашы жастардың көзқарасында тыныштық сақшысы ретінде саналса, ендігі ретте кітапхана басты рөл атқаратын қауымдастық орталық, заманауи орта, уақыт өткізгің келетін кеңістік, ал, кітапханашы -бағыт беруші, ұйымдастырушы болып табылады.

«Жаңа клуб» – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеялардың ордасы. Жаңарған кітапхана тұрғындардың білімін арттырып, шығармашылық әлеуетін дамытуға және қоғамдастықтың өзара байланысын нығайтуға қызмет ететін маңызды мәдени ортаға айналмақ.

Халық қалаулысы Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Нұртай Сабильянов, аудан ардагерлері атынан қаламгер Әсет Мырзақасым бұл жобаның бүгінгідей әлеуметтік желілер дамыған заманда ауадай қажеттілігін баса айтып өтіп, көпшілікті кітап оқуға шақырды.

Салтанатты түрде лента қиылып, ақ жаулықты әжелеріміз қазақы дәстүрмен шашу шашып, жаңғыртудан өткен кітапхана кеңістігі қонақтар мен тұрғындарға таныстырылды.

.«Jaña Klub» орталықтарында тұрғындардың кітап оқуына, білім алуына, шығармашылықпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалады. Мұнда білім беру және мәдени шаралар, шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, 20-дан астам жаңа үйірме ашу жоспарланған. Жаңа кеңістіктер балалар мен жастарға ғана емес, барлық жастағы ауыл тұрғындарына арналған. Жоба аясында Қарауылдағы кітапхананың 3 қабаты толық жаңғыртылып, 5 үйірме ашылды.

«TANA» қорының негізін қалаушы Камила Лұқпанова кітапханаларды жаңғыртуда олардың мазмұны мен қоғамдық рөлін жаңа деңгейге көтеруге басымдық берілгенін айтты.

«Кітапхананы жаңғырту – тек ғимаратты жөндеп, ішін жаңарту емес. Біз үшін ең маңыздысы оның мазмұнын өзгертіп, адамдар білім алуға, шығармашылықпен айналысуға, пікір алмасып, бірге уақыт өткізуге келетін заманауи орта қалыптастыру. Мұндай кеңістіктер кітап оқу мәдениетін нығайтып қана қоймай, жаңа идеялар мен бастамаларға жол ашып, жергілікті қауымдастық өмірінің маңызды бөлігіне айналады деп сенеміз», – деді қоғамдық қор төрайымы.

Мұнан кейін сөз алған аудандық орталық кітапхананың директоры Дина Камал Жаңабекқызы кітапхана тынысымен таныстырып өтіп, «Jańa Klub — Jaña Klub жобасының негізгі идеясы — кітапхананы тек «кітап сөрелері тұрған орын» деген түсініктен шығарып, ауыл тұрғындары үшін үй мен жұмыс немесе оқу орнынан кейінгі «үшінші кеңістікке» айналдыру. Бұл барлық жастағы адамдар білім алып, шығармашылықпен айналысып, еркін араласып, бірге уақыт өткізе алатын заманауи, жайлы әрі қолжетімді орта. Мұнда барлық мүмкіндік тегін ұсынылады, ал кеңістіктің өзегінде бұрынғыдай кітап пен кітап оқу мәдениеті қалады», де өз пікірін білдірді.

Келген қонақтар мен зиялы қауым өкілдері кітапхананың жаңартылған үстіңгі қабаттарын тамашалап, жас ұрпақтың білім мен өнерге, спортқа деген ынтасын, ұрпақ үнін тыңдап, ұрпақтар сабақтастығына куә болды.

Кітап та бар. Кітапханашы да бар. Бірге бас қосуға ниетті адамдар да бар. Енді оларға бір ғана нәрсе керек — ойға қанат бітіріп, іске шабыттандыратын кеңістік.

Кеңгірбай би ауылындағы мектептің кабинеттері жаңғыртылды

Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданына арнайы келген құрметті қонақтармен бірге Кеңгірбай би ауылындағы Шәкәрім атындағы орта мектепке барып, ғылым және цифрлық кабинеттердің мүмкіндіктерімен танысты.

1986 жылы ашылған мектепте бүгінде 95 оқушы білім алады. Мектепалды даярлық сыныбында 9 бала, шағын орталықта 20 бала бар. Білім ордасында 34 мұғалім еңбек етеді.

2025 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен мектепке жалпы құны 21 млн теңгенің ғылым және цифрлық кабинеттерінің жабдықтары алынған. 14 оқушыға арналған кабинеттер заманауи цифрлық құрылғылармен, зертханалық және тәжірибелік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жаңа кабинеттер оқушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге, цифрлық сауаттылығын арттыруға және жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңірек меңгеруіне мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Абай облысының шағын жинақты мектептерінің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында 36 мектепке 58 кабинет орнатылды. Аталған кабинеттерге ағымдағы жөндеу жүргізуге жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Облыстағы 4 мектеп әрқайсысы 250 млн теңгеге оқу кабинеттері мен жиһаздармен жабдықталды.

Қордың «QH Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында Аягөз, Бесқарағай, Жаңасемей және Мақаншы аудандарындағы қосымша білім беру ұйымдары жалпы құны 480 млн теңгеге заманауи талаптарға сай кабинеттермен жарақтандырылды.

Аймақ басшысы сондай-ақ құрметті қонақтармен және мектеп оқушыларымен бірге Қарауыл ауылында ағаш көшеттерін отырғызу рәсіміне қатысты.

Осылайша, мұхиттай Мұхтар Әуезовтің туған күні өз туған жерінде облыс әкімінің қатысуымен тағылымды шаралармен тоғысып, жақсылықтты істермен толықты.

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Abai elı» газетінің жауапты хатшысы,

республикалық «Ұлылар елінің ұрпақтары» журналының

директор — Бас редакторы, журналист.

Ұқсас жазбалар

Алматыда «2026 Korea Kazakhstan Culture and Trade Week» фестивалі өтуде

Anar Sarsenbina

Абай тойы – халық тойы, әрқайсымызыдың тойымыз.

Anar Sarsenbina

ЕСТЕЛІК КІТАПТЫҢ ТҰСАУКСЕРІ ӨТТІ

admin123

ПІКІР ЖАЗУ