РУХАНИЯТТАҒЫЛЫМТАНЫМТАРИХ

Абай тойы – халық тойы, әрқайсымызыдың тойымыз.

Әлемге қазақ атын танытқан «ұлы Абай», «Абай эпопеясы», «Абай шығармалары» екені белгілі. Ол қазақ халқының тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық болмысын, ұлттық қол өнерін, ұлттық ерекшелігін айғақтаған құндылықтар еді.

Сондықтан саналы, сауатты адамдардың ойына Абай дегенде қазақ жұрты, болмаса қазақ халқы дегенде ұлы Абай есімі оралатын содан болар

Қажылық сапардан қайтқан Тұңғышбай (Ешен әулие) өз ауылынан бұрын Құнанбай ауылына келіп: «Жақында осы ауылда туған бала ерекше дарынды болады. Маған пайғамбарымыздың берген аяны бойынша баланың атын Ибраһим деп атау керек» — депті. Ауыл адамдары «Құнекең ұлды болды, есімін Ибраһим деп атады» — дегенді естіп ризалықпен өз ауылына аттаныпты.

Өмірге жаңа келген немересіне – Ибраһимге пейілі ауған әжесі-қаситетті Зере баланы өзінше «Абай, Абайым» деп атап, еркелетіп, бауырына басыпты.

Жиналған қауым Құнекеңе тұстас, ниеттес ел жақсылары:

— Мырза, балаларыңыздың бәрі де ержетіп келеді ғой, дегенмен қайсысына көңіліңіз толады, өзіңіздің жолыңызды қайсысы ұстайды деп ойлайсыз? – дегенде:

— Не күтсеңдер де осы қара шұнақтан күтіңдер – депті Абайды нұсқап.

Өзіне сәлем берген балалардың ішінен өзі сұрап кім екендіктерін білген соң риза болған Бөжей:

— Құдайым жолыңды оңғарсын! Тек әкеңнің қаттылығын бермесін! – деп бата берген екен Абайға.

Қысқаша термелесек қазақы көрегендікпен Абай баланың бойында тектілік қасиет барын бала кезінен-ақ аңғарған қазақ қауымы өзінің сүйікті перзенті Абайдың ерекше жан екенін оның көзінің тірісінде-ақ мойындаған екен. Қадірлеп, қастерлепті.

Соның бір айғағы қаланың орысы мен даланың қазағына мыңғырған малын аямай шашып, исі Ырғызбаймен алысып, шабысқан бай мырза, адуынды Оразбайға:

— Мырза, өзіңіз әліпті таяқ деп білмейсіз. Бір ауыз орысшаңыз тағы жоқ. Ғұлама Абаймен қалай айтысамын деп жүрсіз дегендерге:

— Менің қара танып тіл білген — білмегенім не керек. Шұнайдағы үш жарым мың қара көгім шетінен орысша сайрап тұр емес пе? – дейтін Оразбай қажының өзі «Абай қатты сырқаттанып қалыпты. Ешкімге тіл қатпайды екен» дегенді естіп, бірсыпыра адаммен Абайдың көңілін сұрай барады. Сәлемдесіп аман-саулық біліскен соң өзге жұрт сыртқа шығып Оразбай үйде қалып Абаймен біраз отырып арыздасады. Кеуделерін ашып төс түйістіріп кешіріседі. Содан шыққаннан егіліп өзінің ауылына жеткенше жылаған екен. Қажыға сөзі өтетін бір …тұрғылысы:

— Байеке, кезінде атысқан, шабысқан, мал аямай алысқан жауың емес пе? Енді осынша егілгеніңіз не? – дегенде:

— Е.е.е! Енді Абай біздік емес. Маңдайымызға сыймады. Ол ақылы дария, білімі шынар, абыройы асқар, адамшылығы заңғар жан ғой! Мен Абаймен ақылым тең деп, ақыры жеңем деп айтыстым ба? Аз ғана Есболатты ел қатарына қосайын деп, Абаймен айқасқан Оразбай атым шықсын дедім емес пе, шіркін-ау?!- деп Абайдың қаралы хабары, жаназаға шақыру келгенше бас көтермей жатып алыпты. Қаралы жиынға 30 үй тіккізіп, 50 жылқыны сойысқа апарыпты.

Абайға арналған мезгіл-+мезгіл құран оқып, қатым түсіргеннен өзге үлкенді-кішілі салтанаттың ең алғашқысы:

1914 жылдың 26 қаңтарында ақынның қайтыс болуына 10 жыл толуына арнай. Ерлі-зайыпты Нәзифа мен Нұрғалилардың өткізген әдеби кеші еді. Кешке Тұрағұл, Шәкәрім, Көкбайлар қатысады. Мержақып, Біржан, болып Базаралының немересі Ахметжан Қозыбағартың зайыбы әнші Тұрар Қозыбағарова, Сара болып көрініс береді.

1924 жылы Семейдің географиялық қоғамы Абайдың дүниеден озғанына 20 жыл толғанына арнайы еске алу кешін ұйымдастырады. Онда қазақ зиялылары Халел Ғаббасов пен Мұхтар Әуезов баяндама жасап, ақынның шәкірті Көкбай естелік айтады. Әлмағанбет пен Әміре ән салады. Кеш ұйымдастырушаларының бірі болашақ ғалым Әлкей Марғұлан екен.

1934 жылы ақынның дүниеден қайтқанына 30 жыл толуына орай Қазақ АССРы бойынша жер-жерде арнайы жиындар өткізіліп, әр түрлі насихаттау шаралары жүзеге асырылады.

1940 жылы Абайдың 95 жылдығы республика бойынша барлық облыс, аудандарда өткізіліп, 100 жылдығына орай кең көлемді шара ұйымдастыру туралы мәселе көтеріледі. Бұрынғы «Шыңғыстау» ауданы, «Қарауыл» орта мектебі Абай атына ауыстырылады. Абай атындағы орта мектепте Мұханның ұсынысымен «Абай ұрпақтары» атты әдеби қолжазба журнал шығарыла бастайды. Ол күні бүгінге дейін толассыз жарық көріп келеді. Сол сияқты бірсыпыра шаралар басталып жүзеге аса бастайды. Келесі жылы Отан соғысы басталып кеткенімен шін-ара дайындық шаралары жүріп келеді.

1943 жылы 15 май № 13/17 облыстық Совет атқару комитетінің «Абайдың 100 жылдық мерейтойын өткізу жөнінде» алған қаулысында құрамында М. Әуезов, Қ. Мұхамедханов бар 19 адамнан комиссия құрылады. Комиссияның төрағалығына облыстық советтің төрағасы А. Түсіпов бекітіледі. Кейін ол міндетті Қасен Байзақов атқарады.

Абай ауданында той өткізізуді ұйымдастыру жөнінде комиссия құрылып, шара белгілеу үшін 27 январь 1944 жылы арнайы қаулы алынады. Комиссия төрағасы аудандық атқарушы комитетінің төрағасы Ж. Мыңжасаров болады.

31 июнь 1944 жылғы облыстық Советтің қаулысымен облыстан Тобықты руының салт-салтанатын сақтаған Абайдың екі киіз үйін және Абай ауданының колхоздарының әр қайсысы қонақ қабылдайтын жиыны 24 киіз үйін көтеру жөнінде арнайы қаулысы алынады. Ол екі үйдің біреуін біздің әкей өзі көтерткен еді.

2 январь 1945 жылғы облатқару комитетінің қаулысымен сол жылы 20-30 январьда облыстағы Аягөз-Жарма, Абай-Абыралы, Еткомбинаты мен Тері комбинаты және Жаңасемей аудандарының ақындарының айтысы өткізіледі. Айтысты ұйымдастыруға облыстық партия комитетінің хатшысы Ильяшев бастаған 11 адамнан комиссия құрылады. Облыстық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Боханбаев бастаған 5 адамнан жюри құрылады. Семейден Абайдың мұражайын ашу шешіледі.

1945 жылғы 15 августағы Қазақ ССР комисарлары советінің «Қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай (Ибрагим) Құнанбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру» жөнінде алынған қаулысында

— Алматыдан Абайға ескерткіш тұрғызу;

— Жыл сайын Абай атындағы жүлде беру;

— Мемлекеттік опера театрын;

— Семей драма театрын;

— Батыс Қазақстанның музыкалық драма театрын;

— Қарқаралы педагогикалық училищесін;

— Қаскелең орта мектебін Абай атымен атау;

— Мемлекеттік Киров атындағы университетте 400 сомнан – 2 (екі);

— Қарқаралы педучилищесінде 300 сомнан бір стипендия тағайындау;

— Абайдың тікелей ұрпағына дербес пенсия тағайындалады:

1. Исраил Ақылбаевқа (Абайдың немересі) – 500 сом;

2. Ғазель Жағыпароваға (Абайдың немересі) – 400 сом;

3. Уәсила Жакуповаға (Абайдың немересі) – 500 сом;

4. Ақыл Оразбаеваға (Абайдың немересі) – 500 сом;

5. Бибі Искаковаға (Абайдың келіні) – 500 сом;

Бұл жөніндегі құжаттар Семей қалалық мұрағаттар қорының 409, …40 сінің 16 топтамасында сақталған.

Елімізде ұлы ақынның 100 жылдығын тойлау шешіледі.

Той 1945 жылдың 25-28 тамыз күндерінде Абай ауданы орталығына 3 км жердегі Ақжар деп аталатын биік жар қабаққа қарсы Қарауыл өзенінің өлкесінде тойға Абай ауданына көршілес Абыралы, Шұбартау, Аягөз аудандарынан әкелінген 90 нан артық ақшаңқан қазақ үйлер тігілген жерде өтті.

Той салтанаты негізі 15 тамызда Алматыда басталған екен. Оған сол кездегі Кеңес Одағының республикалары мен Москва, Ленинград сияқты ірі қалаларынан ақын, жазушы, ғалымдар келіпті. Той салтанаты облыс орталығы Семей қаласында жалғасып, одан кейін ұлы Абайдың туған жері Абай ауданының орталығы Қарауылда жалғасқан тойға алдын- ала Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сапарғали Бегалин бастаған ұйымдастырушылар келеді. Тойға Оңтүстіктің Орынбайы мен Үмбетәлісі, Семейлік Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Нұрлыбек Баймұратов, Тәңірберген Әміренов, Шәкір Әбенов, Нұрғали Түнғатаров сияқты көптеген саңлақ ақындар мен 74 жасар Қажымұқан Мұңайтпасов бастаған Отан соғысынан жеңіспен оралған жаужүрек қаһарман жауынгерлермен атақты балуандар, өнер қайраткерлері келген еді. Тойда ұлттық ат спорт ойындары, айтыс, балуандар белдесуі, қыран бүркіт, бүркітші өнеріне сын өтеді.

Той соңына таман қан майданнан есен-аман оралып келіп шаңырақ көтерген төрт азаматтың некесін қию, үлкендердің бата беру рәсімі, үйлену тойының салтанатына ұласқан еді. Той қонақтарын күтуге ерекше мән берген Абыралы ауданы қазақи дәм-тұз дайындаудың шебері Оразғаным Ахметовна арнайы алып келіп Қажымұқан түскен үйде қызмет етуге қосқан еді.

Осы салтанаттарды көрген адамдар да бұл күнде сиреп қалды. Оларды көрген мен де тоқсанды алқымдап отырсам да оның бәрі көз алдымда, көкейімде тұнып тұр.

Одан кейінде өткен Абай, Мұхтар тіпті бертіндегі Шәкәрім қажының мерей той салтанаттарын өткізуді ұйымдастыру, жүргізу ісіне тікелей қатысқан едім.

1970 жылы өтуге тиісті Абайдың 125 жылдығы қарсаңында 1968 жылы М. О. Әуезовтың 70 жылдығын өткізуге қатыстым. Ауданның бірінші хатшысы Кәрім Нұрбаев «Мұхтар тойын Ұлы Абай тойына дайындық деп есептейік, Мұхаң өз өмірін Абайға арнаған адам ғой, тойын Абай тойының дайындығы болсын дегенімізге Мұхаңның аруағы ренжи қоймас», — деген еді.

Тойды өткізетін орын жөнінде мәселе көтерілгенде мен Қарауыл төбенің терістік күн батыс жағы табиғи иппадром дерлік қолайлы жер- деп ұсынғанымда, Кәкең «Тойды биыл үйренген жазықта өткізейік. Дегенмен айтылған ұсынысты барып көрейік»- деп бюро мүшелері мен аудан басшыларын ертіп барып көріп «Шынында қолайлы екен, келер тойларды осында өткіземіз», деп тұжырымдаған еді.

Мұхаңның мерей тойы өткен соң-ақ басталған жауын қарға ұласты, арты толассыз- 40°- 50° аяз болып тұрып алды. Қоғам малының шығынға ұшырау қаупі туды. Кәкең сырқаттанып қалды. Қоғам малын шығынға ұшыратпас үшін Семейдің ет комбинатының қасапшылары ауылдарда қасапханада ашып малды сойып алып қалаға еттей тасыды. Үйткені мал мұздан жүре алмай қалған еді.

Ел қатты күйзелді. Қатынас қиындады. Тойға дайындық жасауға мұрша болмады. Жоспарланған қосымша құрылыс салу, жол тарту, Жидебайдағы музей үйін жөндеу бәрі де аяқсып қалды.

Сондықтан ауданға жаңадан келген бірінші хатшы Хафиз Матаев аудандық кеңестің төрағасы Рымхан Ғабдуллин Абай тойын бір жылға шегеріп 1971 жылы өткізу жөнінде ұсыныс жасап, облыс, республика басшыларын иландырып, ауданға қосымша көмек сұрап, шешті. Аудан өз тарапынан басталған Жидебайдағы Абайдың мемориалдық мұражайын қайта салу, Абайдың 8 қанатты ақ ордасын ұлттың этнографиялық үлгісін сақтай отырып көтеру, аудан орталығын абаттандыру мәдени-көпшілік шараларын жалғастырды…

Ауданда құрылған мерекелік комиссияның құрамында болған мен осы айтылған шараларға тікелей араласып, той бағдарламасын жасап мерекелік концерт, той бағдарламасын дайындау, «Абай жолы» эпопеясы негізінде театрландырылған көрініс қоюды бастаған Қайнар халық театрына режиссер, көркемдік жетекшілік міндетін атқаруға Абай халық театрының мүшелері Мейрамғали Исатаев пен Болатбек Жанболатовты жіберіп, т. б. көмек жасауға тырыстым.

Ол кезде монетный двор елімізде тек Ленингрд қаласында ғана болғандықтан арнайы жасауға тиісті медалиондар мен белгілерді және бірнеше ескерткіштерді жасату үшін Ленинградқа үш рет баруыма тура келді.

Ол кезде бүкілодақтық фестивальда республика намысын қорғап Москвның Кремль театрында ойын қойған «Абай халық театры» бүкіләлемдік фестивальға қатысу үшін Чехославакаяға баруға дайындалып жүрген «Қаламқас» ән-би ансамбілінің өнерпаздары зар күйіндегі творчестволық ұжымдар еді.

Тойға үлкен концерттік бағдарламамен 500 адамдық төрт дауыстық хор «Айттым сәлем Қаламқас» және жергілікті композитор А. Ахметжановтың «Абай ұрпақтарының үні» атты шығармаларын дайындап той күні Қарауыл төбедегі дала сахнасында шырқаған еді.

Облыс орталығына поезд, самолетпен жеткен қонақтарды қаладан ұйымдастырылған 200 ақ волғамен әрбір екі қонаққа бір басшы-жетекші адам қосылып Қарауылға үлкен шерумен жеткен еді. Көп қонақтар үшін қаладан екі моторлы самолет те ұшырылды.

Құрметті қонақтардың ортасында халық батыры Бауыржан Момышұлының келуі жұртшылықты ерекше қуанышқа бөледі.

Қонақтар аудан орталығындағы алаңда халыққа таныстырылды да Жидебайға аттанды. Жидебайда музей үйін, қайтадан салынып, 8 қанатты Абайдың ақ ордасы тігізілген еді. Абайдың ескерткішіне тағзым етілген соң тігілген қазақ үйлерде арнайы қабылдау жасалып, құрмет көрсетілді.

Қайнар халық театры дайындаған Абай эпопеясы бойынша қойылған театрландырылған көрініс көрсетіліп аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті, аудан өнерпаздарымен келген республика жұлдыздарының концерті берілді.

Той аяғында Қарауыл өзенінің бойына тігілген үйлерде қонақ асы беріліп алтыбақан тебуге, қазақы ойын сауыққа шыққан қонақтар таңды көз ілмей атырды.

Таңғы астан кейін Қарауыл төбеге жиналған қонақтар табиғи иппадром көрінісіне таң қалды.

Қарауылдың қонақжай халқы тойға деп арнайы семірткен малын сойып, қымызын сапырып, самаурындарын алып келіп, ошақтарын асып, дастархандарын жайып, қонақтарды дәмге шақырысып жатты.

«Халқы қаласы хан түйесін саяды», деген осы ғой. Ән салысып, әңгіме айтысып, танысып, арасында қалжыңдасып отырып кең жазира далада өтіп жатқан күрес, теңге алу, аударыс, қыз қуу… ойындарын тамашалады.

…Көделі бетте отырып айналысы 20-30 км мидай жазықта өтіп жатқан түрлі жарыс сайыс нәтижесінде 5 (бес) азамат аударыспақ жеңімпазы танылды. 10 адам қыз қуу ойынының жеңімпазы танылды, Бас балуандық жүлдеге Шыңғыстаулық Дүрмекбаев Қайырбек ие болды.

12 км-лік жорға жарысында Шығыстан келген Өрлік, 30 км-лік бәйгеде Абай ауданының «Арқалық күреңі» 45 км-лік топ бәйгенің жеңімпазы Шығыстың қара аты бірінші келіп, жиыны 15 атқа бәйге берілді.

Одақтық мәртебеде сәтті өткен Абай тойы салтанатынан кейінгі жылдары көрікті табиғи орындары көп аудан өңірінде жыл сайын «Поэзия күні» «Абай, Мұхтар күндері» өткізіліп келді.

Абай тойларында көптеген өнеге үлгі, мол озат тамаша тәжиребелер бар.

Той өткізу қаншама қиын, мол шығын шығатын шаруа болса да ол халықтың рухын көтеріп, белсенділігін, еңбек өнімділігін арттыратын қасиет-қуаты бар тылсым дүние ғой. Аудан облыс, республика бойынша социалистік жарыс жеңімпазы болып әр тойға мол экономикалық-әлеуметтік рухани табыстармен келіп, ел мен ердің мәртебесі көтеріліп, абыройы асып келіп жүрді.

Әлемге әйгілі 1000 жылдық адама аталған 10 …ның бірі ұлы Абайдың туғанына 150 толуын әлемдік мәртебеде тойлау жөнінде жаңа ғана тәуелсіз еліміз деп шаңырақ көтерген қазақ елін өз қатарына алған жүз сексен елдің лауазымды өкілдері жиналған ЮНЕСКО-ның бас конференцияның 27 сессиясы «Абайды бір ұлттың ғана емес бүкіл әлемнің адамзаттың ұлы перзенті» екенін айқындады.

1995 жылы айдай әлемге «Абай жылы» деп жарияланды.

1995 жылдың көктемінде Турцияның Ыстамбұлында, Ресейдің Мәскеуінде басталған ұлы Абайға тағзым ету салтанаты әлемнің 25 елінде жалғасты. ЮНЕСКО әзірлеген 10 күндік Абай мерекесі Парижде өтті. Әлемнің 8-кереметі Абай, Шәкәрім мавзолені бой көтерді.

Той қарсаңында Абай шығармалары жер жүзінің 18 тіліне аударылып, 6 млн дана болып жарық көрді.

Абай энциклопедиясы «Өнер» баспасынан шықты. Бірнеше кинофильмдер мен кітаптар жарық көрді. Бірнеше спектакльдер сахналанды. Лондонда «Абай үйі» ашылды. Бүкілодақтық география қоғамының арнайы экспедициясы анықтаған «Европа Азия құрлықтарының кіндігі» деген арнайы құлпытас (Ағылшын, орыс, қытай, қазақ тілінде жазылған) белгі Жидебай мен Самал төбенің арасында екені анықталынған екен. Бұл әулие «Ел кісі, жер киесі» танылған Кеңгірбай би Жандосұлы (Кабекең) мен ұлы Абай, Шәкәрім қажының киелі қасиетін танытатын тарихи белгі спетті жұмбақ тылсым дүние болып Жидебайға қойылды.

Бұл күнде ұлы Абайдың басына келіп кінәжат етушілер өзін әлемге әйгілі Евроазия кіндігіне де келгенін сезінетін болып жүр.

Той дегенде өткізілінетін барлық шаралардың бәрі де маңызды ғой. Дегенмен әр бір сәулелі жанның, қауымның аңсары ауып ынтыға пейіл қойып «барсам-ау, көрсем-ау, естісем-ау» деген тамашасы сол ұлы жұмбақ жанның кіндік қаны сіңген, қысқа өмірі өткен, қасиетті сүйегі жатқан жердегі салтанат болатыны анық.

Тойға дайындықтың алғашқы сәтінде Қарауылға, Абай-Шәкәрім кесенесінің ашылу салтанатына 50-60 мың адам сырттан келеді деп шамалаған еді. Той қарсаңында Шыңғыстауға баруға рұқсат алған (пропуск) жеңіл көліктің өзі 20,0 мыңның асып кетті. Той қонақтары 100,0 мыңнан асты. «Той күні ол жерге өте алмай қаламыз» деп қауіп қылып ағайын-туыс, жолдас-жора тауып алдын-ала келіп алған адамдарда есеп жоқ еді. Өзіміз той күнінен оншақты күн бұрын ақ үйлерімізді қонаққа босатып беріп, жазғы бөлме, кілетке шыққанбыз.

Тіпті киіз үйін тігіп, шатырын көтеріп, ошағын құрып той күнін тосып Шыңғыстың, Орданың, Доғалаңның сай-саласындағы өзен-көлінің маңында тынығып жатқандар қаншама адамдар бар екені белгілі болды. Олардың бәрі той салтанатының жоспарындағы балуан күресі, ақындар айтысы, ұлттық ат-спортық ойындарын… тамашалауға келгендер Абай, Шәкәрім музейін, мавзолейін көріп бабасына тағзым етейін деген жандар.

Қонақтарды бастап барған облыстың бір басшысы- Болат Байзақов кейінде «Үш анық» газетіне жазған естігенде: «Мен өзіме тапсырылған екі қонағымды той соңында Қарауылдағы бастауыш мектебі мұғалімі анам- Мінәш Ысқақованың талабы бойынша үйіне апарып, құрмет көрсетіп жолға шыққан едік. Тура жолға енді шықтық дегенде алдымыздан қолын көтерген азамат «Елесе кетуге сұранып тұр ма?»-деп жоқтап едік. Ол бізге есігі ашық тұрған үйге бұрылып тоқтауға сұрады. Соңымыздан ере шыққан Павлодар мен Қарағандылық қонақтар отырған автокөліктегі қонақтарды алып Тоққара ақсақалдың үйіне кірдік.

Сыртынан жұпыны көрінген үйдің іші тап-таза, сәнді жиналған кең бөлмеде үш жер столда ұлттық дәм-тұз сәндеп жасалған екен. Қонақтар екі асжаулық басына жәйғасқан соң Мамырхан аға өзінің күлміңдей сөйлетіп- бағдысымен Абай тойына ауданның әрбір үйі осылай дайындалып той қонақтарын күтіп жатыр. Бұл халық қалауы. Ұлы Абай бабасына деген ұрпақтарының, құрметі.

Мен Саржал ауылында тұратын адаммын. Ол күре жолдан бұрыс болғандықтан аудан орталығына келіп міне сіздермен әкемнің дастарханында дәмдес болып құрмет көрсеткеніме қуаныштымын. Біз Абай бабамызға құрмет көрсете алмаған ұрпақпыз. Дегенмен Баба тойына қызмет ету арқылы ұлы Абайға ізет-сыйымыз ды арнамақпыз.

Қош келдіңіздер!

Тойға арнайы сойылған қойдың басын қырғыз бауырымызда ұсынамыз!

Сіздерді ұзақ жолдарыңыздан бөгегеніміз үшін айыптымыз. Той дастарханында ішімдік болмауы жөнінде ескерту болған еді: «Бірақ біз айыбымызды жуып, күнәміздан арылуымыз керек қой. Сондықтан бір-екі саптаяқ көтеруді сұраймыз!»-деген от ниетінің құрметінен бас тарта алмадық.

Той дастарханынан жаңа ғана тұрсақ та мына ұлттық ізеттілікпен ұсынған дәм, ас-сусынның әрқайсысынан татып жолға шықтық. дол бойындағы сол үйге қарсы беттегі Шахан ата, Төлеубай аға, Семейғазы аға, Сайлаухан аға, Мұхатай ата үйлерінен де ақ волгалы құрметті қонақтар аттанып жатты.

Жолдағы Әйгерім бұлағының басында тігілген қазақ үйлердің маңында 5-6 ақ волга тұрғанын «Еңлік-Кебек» мұнарасы басында оншақты қонақтың көлігін, көрдік.

Бөріліге бұрылыстағы Москваның Суриков атындағы академияны бітіріп келіп Семейде сәулет өнерінің тамаша үлгілерін көрсете бастаған еліміздің шығыс аймағындағы ең алғашқы кәсіби мүсінші менің досым- Мұратбек Жанболатовтың туындысы 9 метрлік биік ескерткіш-жол нұсқаушысындағы қазақтың сахына өнерінің тұңғышы «»Еңлік-Кебек» спектаклінің қойылғанынан қабаретіп тұрған италиядан алдырған, түрлі түсті смальта тасумен безендірілген ескерткішті көріп тамашаладық. Қалаға кіре берісте тұрған штапқа тіркеліп, негізгі қонақтар шеруінен қалып қойғанымыз үшін ескерту алсақта көңіліміздегі той қуанышы сейілмеген әсермен қонақтарға сәт сапар тілеп шығарып салдық»-дейді.

Ұлы Абайын сүйген, халқын сүйген ол адамдардың ақын еліне шынайы құштарлығын қанағаттандыру үшін ұлы Абайдың 150 жылдығын өткізуге облыста мұқият дайындық жасалды. Өткен тойлардың, қазақ өміріндегі Ас жиындардың озық үлгісін сұрыптап жаңа өмірге лайықтысын таңдауға тырыстық. Халқымыз этнографиялық салт-дәстүр үлгілерін қамтуға той бағдарламасында көп көңіл бөлінді.

Еліміз тәуелсіздікті жеңіп алды дегенмен әлі екі тізгін бір шылбыр қолға нақты тиіп, баста ерік қолда билік әлі жоқ еді ғой. Дегенмен ұлт жанды азаматтар ақыл күші ғана емес, қаражысын да аямай жұмсады.

Әрбір азамат өзінің қабілеті мен ыңғайына орай тойға үлес қосып еңбек етуге мүдделі болды. Талай азаматтар «маған да бір тапсырма беріңіздерші» деп жүрді.

Той өткізуді ұйымдастыру бөлімі құрылып, оны Х. И. Матаев, құрылған комисияларда М.К. Орынбаев, Н. И. Сембаев, Ж. Исмағұлов, А. Доғалақов, А. Тлеубаев, Толымғожинов, Закиров, М. Уәлиев, М. Әлин т.б. халыққа қызмет көрсету орындарының басшылары облздрав, облсауда, тамақтандыру, өрттен қорғау, жол қауіпсіздігін сақтау, облспорт, мәдениет комитеті т.с.с. сала басшылары басқарды.

Сол бөлімнің құрамында болған маған тосын тапсырма «Той бағдарламасын» жазу тапсырылды. Негізі ол кезде мен тіл комитетінде істеп жүрген едім. Бізге, комитетке той салтанатын жүргізуді ұйымдастыру міндеттелген Комитет бастығы Аман Тіреубаев екеуіміз әр сәтіне қажеттілікті ойластыра дайындап келіп әуелі жаршы (диктор) болатын адамдарды дайындау қажет деп конкурс-бәйге жариялаған едік. Оған 600 ден артық адам тілек білдірді. Той үш тілде жүретін болғандықтан төрт кезеңді сұрыптау, таңдау нәтижесінде 8 қазақша, 4 орысша, 3 ағылшын тілді жастарды таңдап алып Абай өлеңдерін жаттай беруді міндеттедік.

Алты ай Алматыда Михлин деген тәжірибелі маман жасап жатыр деген бағдарлама келді деп облыстық мәдениет басқармасында оқып талдауға жиналдық. Бірақ бірнеше күн өтетін тойды жүргізуге ол жазылған екі жарым беттік бағдарлама жарамайтын болды. Облыс басшылары өздерін жүргізесіңдер, бағдарламансы өздерің дайындап алыңдар деп шықты. Оған бөлінген 1 млн қаржы зая кетті.

Екі ай отырып 180 беттік бағдарлама жазып оны орысшаға аударғанда 120 бет болды. Ағылшын тіліне 80 бет етіп аудартып жаршыларға жаттатып дайындадық. Той барысында берілетін ән-күй, өлең оқу т.б. дыбыспен көркейту шараларын магнифонға жазып қойдық. Австралиядан келеді деген 12 колонкалық радио аппаратура келмеді. Біздің сол өзіміз дайындаған жазбаларымыз той салтанатын өткізуге жарады.

Өтетін орынға үш тілде тойды жүргізуге қолайлы Қарауыл төбенің оң жақ иығына салынып берген биік тұғырда отырып той салтанатын үш тілде жазылған обылыс әкімі бекіткен бағдарлама бойынша жүруге тиісті едік. Ол солай болды да, 4-5 мың адам, 1000 қаралы атты адамның жүрісін қатаң тәртіп болмаса реттеу мүмкін емес еді. «Қаламқастың» көп дауысты хоры «Айттып сәлемді» бастағанда тау бетпейіндегі арнайы орнатылған 10 мың адамдың орындықта отырған қонақтар да, тау беткейінде жүрген 150-200 мың адамның бәрі түрегеп тұрып әнге қосылып, әр тілде көп дауыста шырқалған әнмен Шыңғыстау тербеленгендей болды.

Шартты белгі бойынша қатар шапқан екі атты азаматтың ыйығына шығып Қазақстан туын желбіретіп көрермендер алдынан шауып өткенде, арнайы жазылған «Той салтанаты атты» жыр радио арқылы беріліп, Семей, Қарауылдың 2 мың қызыл- жасылды киінген қыз-жігіттері билей жөнелгенде Қарауыл төбе гүлге оранғандай әсер етті.

Салтанатты тойдың басталғанын танытқан бұл шартты белгілі шаралардың соңын ала аудан әкімі- Өнер Смағұлов бастаған той-ойын жарысына қатынасатын 800 атты азаматтар колонасы салтанатты өтті.

Тойдың түрлі ат-спорт ойындары басталып, бәйге, жорғалары өз кезегімен жүре бастады.

Біз жоспармен жүріп жатқан ол салтанатты үш тілде хабарлап, арасында көңілді ән-күй, ақындар жырын, Абай шығармаларын мәнерлеп оқуды жалғадық.

Той бағдарламасы 10-12 минутты қана ауытқумен сәтті өтті. Халқымыздың дәстүрлі Ас-той жиынында өтетін этнографиялық үлгісі сақталған той салтанатты сондықтан да «Ғасыр тойы» аталып күні бүгінге дейін көрермен той қонақтарының есінде.

Шерік ғасыр өтсе де адал еңбегімен ұлы бабасының тойын өткізуге қызмет еткен той жаршылары: Лұқпанов Амангелді, Тойымбаев Шаймалық, Мағденов Даркеш, Курбатова Ирина, Смоленкова Татьяна, Глазнова Ольга, Касымова Нұргүл, Карибжанова Лаура, Төлеутаева Найля, Хамитова Гаухария, Арғынғазина Шолпан, Дронова Юлия, Романов Сергейлерге деген ризашылығымыз шексіз.

Олар бағдарлама (сценарий) бойынша жедел хабар беріп отырумен бірге 15 тәулікте 1940 км. жүгіріп жеткен Қостанайлық желаяқтарды мадақтап, үш тілде хабар беруге жетісті. Бұрын соңды Қазақстанда болмаған бұл сапарын олар «Жұлдызды жол» деп атап бабасы ұлы Абайдың құрметіне арнаған еді.

40 км-ге шапқан «Аламан» бәйгеге 136 ат қатысты. «Ғасыр бәйгесі» атанған ол сайыс жеңімпазы Жамбыл облысының Қаратауының Қиыр ауылынан келген «Даяр» атты сәйгүлік бәйгені жеңіп «Мерседес Бен Е220» автокөлігіне ие болды. 12 атқа бәйге бұйырды.

24 ақын қатынасқан айтыстың жеңімпазы Алматылық Мұхаметқан Тазабеков «Нискани-Санни» автокөлігіне ие болды, жиыны 8 ақынға сый жасалды.

Абай тойының құрметіне өткізілген балуандар белдесуіне 14 командада 160 балуан қатынасты. Абай тойының «өгіз балуаны» танылған Асқар Жакупов, «түйе балуаны» атағын Өскемендік Самат Рамазанов жеңіп алды.

Ұлттық «қыз қуу» ойынын арнайы тапсырыспен дайындалған алтын алқа төрт жұпқа табысталды.

Теңге алудан Семейлік Т. Сембаев, Абыралық М. Ыдырысов, Жармалық Е. Сылдырбаевтар жүлдеге ие болды.

Тойда кигіз үйлер қаласы құрылып оған тек көрмеге қатысуға тігілген 1356 қазақ үйді комисия мүшелері: Мен, Б. Сыдықов, З. Тоқаев, Ә. Садуақасов, Ғафура Балғынбаева, Т. Камашевтар үш күн аралап бағалау жасадық. Қортындысында өзіміз жасап ұсынған ереже талабын толық орындаған Уржар ауданы ауылы бәрінші орынды жеңіп Волга автокөлігін иеленді. 24 қанатты үй әкелген Торғай облысы, Абай, Жарма, Ақсуат, Мақаншы аудандары жүлделі орындарға ие болды. Олардың әрқайсысының ерекшелігін сараптасақ халқымыздың қол өнерінің байлығы ұшан теңізмол екенін айтар едік.

Ұлы Абай бабамыздың ЮНЕСКО мәртебесінде өткен 150 жылдық тойы жүйелі де жинақы ұлттық салт-дәстүр салтанатының үлгісімен өткені облыс, республика юасшыларына жетсе керек.

Той әсері тарамай тұрып-ақ Алматы облысы мәдениет басқармасымен Ұзынағаш аудандық кеңесінің төрағасының орынбасары той бағдарламасын сұрап келген екен. Семей облысының басшылары ол адамдарды маған жіберіпті.

Қонақтар келесі жылы Жамбыл бабамыздың 150 жылдығы өткен соң бағдарламаны волгамен әкеліп беретін екі рет қайталап жіберді. Жақсы-ақ ұсыныс. Өзіміздің басшылар құнын бағаламаған үш айлық творчестволық еңбегімнің бағасын ұқтық. Мен қонақтарға ағымнан жарылып бағдарлама жасағанда мен Орталық Қазақстандағы Өскенбай, Бөжей асының өту дәстүрін сын-сайыс жүргізу үлгісін, Абайдың шығармаларын пайдаландым. Олар сіздерге қолайлы бола ма? Біраз сөздер Абай эпопеясы мен ұлы Абайдың өз сөздері пайдаланылғанын айтып ол Жамбыл тойына қолайлы бола қоймайтыны ықтимал екенін айтып ол бағдарлама сіздерге қолайлы қызмет етпейтінін айтып иландырдым. Қонақтар істің мәнін түсінген соң ризашылықтарын айтып, басшыларымен барып ақылдасатын болды.

Әрбір жиын, тойдың өзіндік мәні ерекшелігі, мақсаты болуын түсінуге тиістіміз ғой. Бұл арада Қ.Ж.К.Тоқаевтың Семей облысын Абай есімімен атандырған шешіміне дән риза қазақ жұрты, республикамыздың барлық саналы жұрты ұлы Абай өсиеті «Адамзаттың бәрін сүю, адамзаттың бәрін бауырым деп тануды» той салтанатының негізгі арқауы …летмотиві болады деп сеніп отыр.

Бұл той (180 жылдық) қазақ елі өзінің кемеліне келіп жаңа, таза, әділ, адал Тәуелсіздігін танытатын, қазақ өзінің ұлттық болмысын, рухни құдіретін, ұлттар достығының шынайы Отаны екендігін көрсететін той болады деп тосуда.

Ұлы баба өсиетіне сай қазақ байлық емес, ар үшін, адамгершілік мұраттарды ардақтайтын ұлт, халық екенін танытатын ел екенін ұлы бабасының толық адам болу мұраты жолына түскен жұрт екенін … сенеді. Ұлттық өнер, салт-салтанаты, әдет-ғұрпы бай, тарихы бар, байырғы ел екенін паш етеді деп тосуда.

 

Шежіре, этнограф, қаламгер Молдабек Жанболатұлы

Ұқсас жазбалар

ЕСТЕЛІК КІТАПТЫҢ ТҰСАУКСЕРІ ӨТТІ

admin123

Алматыда «2026 Korea Kazakhstan Culture and Trade Week» фестивалі өтуде

Anar Sarsenbina

«JANA KLUB» КОМЬЮНИТИ –ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Anar Sarsenbina

ПІКІР ЖАЗУ