ЖАҢАЛЫҚТАР

ҚАСҚАБҰЛАҚТА ҚАЙНАҒАН ҚЫЗУ ТІРШІЛІК

«Ауыл тынысы»

«Ауыл — ұлттың алтын бесігі» дейді дана халқымыз. Атамекенге туын тігіп, тіршілігін түгендеген ауыл – ел руханиятының, еңбектің, берекенің бастауы. Қай кезеңде де халқымыз туған жерді қадір тұтып, «Ауылдан адам кетсе де, адамнан ауыл кетпейді» деп өскен. Осындай тағылымды ұғыммен өрілген Қасқабұлақ ауылы бүгінде жаңару мен жаңғырудың жолында нақты қадамдар жасап келеді.

Біздің ұжым өткен аптаның жұма күні Қасқабұлақ ауылына арнайы іссапармен барды. Мақсат – ел ішіндегі елеулі істермен танысып, бүгінгі тыныс-тіршілік пен алдағы даму бағдарына көз жеткізу. Ауыл шетіне таяғанда алыстан көз тартқан жаңарған белгілер, тазалығы көз сүйсіндірер көше көріністері жанды жадыратады. Қасқабұлақ табиғаты мен тынысы үйлесім тапқан, ұрпақ пен ұстаным үндескен ауыл екені бірден байқалады.

Ауылға барған сапарымызда жаңадан сайланған ауыл әкімі Алмат Талғатұлымен кездесіп, елді мекендегі өзгерістер жайлы сұхбат құрдық. Жас та болса, ел ісіне етене араласып, туған жерінің гүлденуіне үлес қосуға білек сыбана кіріскен азаматтың сөзінен де, ісінен де мақсаттылық пен жүйелілік аңғарылып тұрды.

– Қызметке кіріскен күннен бастап бірінші кезекте ауыл тазалығы мен тәртібіне ден қойдық. Сенбіліктер әр аптада ұйымдастырылады. Бұл бағытта әр ай сайын техника бөлініп, көшелер мен тұрғын аулалардағы қоқыстар шығарылады. Бұған ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлері де белсенді атсалысуда. Тазалық – тек науқан емес, күнделікті тәртіпке айналуы керек, – дейді әкім.

Мамыр айында Қасқабұлақ ауылында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері және Семей қаласынан арнайы келген ауыл жастары біркісідей атсалысқан. «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» ұйымшылдық танытқан жұрт ауыл тазалығына жанашырлықпен қарап, туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігін іспен дәлелдеген. Жаппай сенбілікке арнайы техникалар – 2 трактор, 1 жүк тиегіш (погрузчик), 3 ГАЗ-53 көлігі және қосымша бірнеше автокөлік жұмылдырылып, ауыл іші күл-қоқыстан тазарған. Бұл – ауыл тұрғындарының ортақ іске жауапкершілікпен қарап, бірліктің үлгісін көрсете білгенін айқын аңғартты.

Сондай-ақ, қазіргі уақыттарда қоқыс төгетін орын реттеліп, ауқымы ықшамдалған. Болашақта бұл аймақты қоршап, толық бақылауға алу көзделуде. Қасқабұлақ тек тазалығымен емес, табиғи сұлулығымен де ерекшеленеді. Сырт Қасқабұлақтағы ағаштарға күтім жасалып, шарбақтары сырланып, көркі көз тартып тұр. Ал аудан шекарасындағы ауыл атауы жазылған белгі жаңартылып, маңына күннен қуат алатын жарық шамдар орнатылыпты. Бұл заманауи шешімдер елді мекеннің көркін арттырып қана қоймай, жайлылықты да қамтамасыз етуде. Ауыл ішіндегі барлық мекемелер мен ғимараттардың сырты жарықтандырылған. Түнгі Қасқабұлақ жарқыраған шырағындай әсер қалдырады. Әсіресе, жөндеуден өткен жастар саябағы тұрғындардың демалыс орнына айналып келеді. Мұнда орнатылған жарық шамдар қалпына келтіріліп, келушілерге жайлы жағдай жасалуда. Ауылдағы 11 жылдық мектеп – білімнің ордасы. Бұл білім ұясы биылғы оқу жылын зор табыспен аяқтапты. 2 оқушы «Алтын белгі», 1 оқушы үздік аттестат алып, Қасқабұлақ абыройын асқақтатты. Балабақша да үздіксіз жұмыс істеп, бүлдіршіндерге сапалы тәрбие мен алғашқы білім негізін беріп отыр. «Қыс қамын жаз ойла» демекші, ауылда шөп шабу науқаны да қызу жүріп жатыр. 4 бригада құрылып, ауылдың қысқы мал азығын дайындау мақсатында күн-түн демей еңбек етуде. Сонымен қатар жайылымдарға құдық қазып, мал су ішетін инфрақұрылымды жетілдіру де алдағы маңызды жоспарлардың қатарында. Қасқабұлаққа қарасты Бөрілі елді мекенінде интернет мәселесі де шешімін табуда. Ақпарат ғасырында бұл жаңалықтың маңызы зор екені анық. Іссапар барысында біз ауылдағы жеке кәсіпкер, туған жерінің нағыз жанашыры – Мақсат Кәрімбековпен де тілдестік. Ол ауылдағы игі істерге үнемі демеушілік танытып келеді.

– Туған жерге деген махаббат – құр сөз емес. Ол нақты іспен дәлелденуі керек. Бала күнімде ауылдың әр көшесі, әр қыры көз алдымда болатын. Қазір сол көшелердің жарықтанып, гүлденіп жатқанын көру – жүрекке қуаныш, – деді кәсіпкер.

Қасқабұлақ жастары аудан көлеміндегі түрлі байқау мен жарыстарда белсенділік танытып келеді. Жуырда ғана «Аяулы жас келін – 2025» сайысында ауылдың келіншегі 1-орынды жеңіп алса, аудандық спартакиадада ауыл командасы жүлделі 3-орынға ие болған. Бұл – ауыл мәдениеті мен спорт саласының да қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Ауыл кеші көңілді

Қаймағы бұзылмаған қасиетті жер Қасқабұлақ — өнер мекені, ұлылар мекені. Семей шаһарынан 80 шақырым шыққанда Абай ауданы шекарасымен және Бөрлі ауылымен тұстасып жатыр.

Біз барған күннің кешінде, яғни, маусымның 20-21 күндері ауылда ерекше той ұйымдастырылды. Мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған түлектердің бастамасымен Жастар саябағында мерекелік кеш өтті. Оған мектеп бітіргендеріне 1, 5, 10, 15, 20 жыл болған түлектер қатысты.

Кеш барысында ауыл әкімі Алмат Талғатұлы мен ауыл ақсақалдарының атынанардагерлер ұйымының мүшесі Дәуітов Зәметай ағамыз ақжарма тілегін арнап, түлектерге ыстық ілтипатын жеткізді. Қонақтардың қатарында NAQYSH тобы ән шырқап, Aiziba би тобы сахнада өнер көрсетті.Кешті қаладан арнайы шақырылған асаба Тілеубек Ермек Қанатбекұлы жүргізді. Ал, кеш соңында 35 жылдық түлектердің қолдауымен әсерлі от шашу болды.

Ертеңінде 21 маусым күні ұлттық спорттық ойындармен жалғасын тапқан көңілді кеш ауылдың береке-бірлігін танытқандай. Қасқабұлақ ауылының атшабарында 35, 45, 50, 54 жылдық түлектердің демеушілігімен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Тай жарысы, құнан бәйге, аламан бәйге, аударыспақ, арқан тарту, қол күресі ұлттық ойындары тартымды да тартысты өтіп, мерекелік шара той думанға ұласты. Жеңімпаздарды атап өтсек, Тай жарысында Медина атты Абыралы ауылының тұлпары мәре сызығына алғашқы болып жетіп, алтыннан алқа тақты. Шабандозы Жанат, бапкері Жантөре Рақымжанұлы. Семей қаласынан келген бапкері Берік Төлегенұлының Құралай атты сәйгүлігі күміс жүлдеге қол жеткізді. Шабандозы Жанболат. Көкбай ауылының Зымыраны қола жүлдемен қоржынын толтырды. Шабандозы Берікжан, бапкері Қуаныш Нұрдәулетұлы.

«Құнан бәйгеден» бірінші болып келген Қасқабұлақ ауылының «До свидания» жүйрігі көзге түсіп, жеңімпаз атанды. Шабандозы Серікбол бапкері Бақытжан Маратұлы. Шабандозы Дастан, бапкері Дастан Бақытқалиевтің «Жұмыртұяқ» тұлпары екінші орынды қанжығалады. Қалбатау ауылынан бәйгеге қосылған «Бегім» атты сәйгүлік шабандозы Ардақ, бапкері Қалимет Серікұлы үшінші орынға тұрақтады.

«Аламан» бәйгеден бас жүлдені Айтұмар (Қайнар ауылы), шабандозы Жанат, бапкері Айбек Қайыржанұлы. Екінші жүлдені Досқара (Қасқабұлақ ауылы) шабандозы Нұрдос, бапкері Тимур Талғатұлы еншіледі. Қола жүлдені Архат ауылынан келген бапкері Нұржан Сейітұлының Ұшқын атты тұлпары шабандозы Бекжан жеңіп алды.

«Аударыспақ» ойыны бойынша Дүйсенбаев Думан алтыннан алқа иеленсе, Серікұлы Бекзат күміс жүлдеге ие болды. « Арқан тарту» бойынша І орынды 1992 жылғы түлектер, ІІ орынды 1997 жылғы түлектер еншіледі. «Қол күресі» бойынша алтын жүлдені Құрманғалиев Нұрбұлан, күміс жүлдені Әбілқасымов Азамат, қола жүлдені Бекенов Нұрәлі өздерінің білек күштерінің басымдылығымен жеңіп алды.

Бұл – Қасқабұлақ ауылында түлектердің бірлесіп ұйымдастырған алғашқы ауқымды шарасы. Бұдан бұрын әр жылғы түлектер жеке –жеке өткізсе, бұл жолы ауылдың жас әкімі Алмат Талғатұлының қолдауымен барлығы бірлесе жұдырықтай жұмылып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара өткізді. Ауылдың айрандай ұйыған ауызбіршілігін паш етіп, ұлттық дәстүрді жаңғыртқан екі күннен біз де мол әсер алып, журналистік іссапарымызда ауыл тынысымен танысып, көңілді ауыл кешімен көкжиегіміз кеңейіп, мол ақпаратқа толтырып қайттық.

Түйін. Қасқабұлақ – тек ауыл емес, тұтас бір тыныс. Бұл жерден еңбек пен берекенің, ұйымшылдық пен ұлағаттың иісі аңқып тұрады. Әкім мен халықтың тіл табысып, ортақ мүдде жолында бірлесе әрекет етуі – бұл ауылдың болашағы жарқын екенін көрсетеді. «Ынтымақ жүрген жерде ырыс жүреді» демекші, ынтымағы жарасқан Қасқабұлақтай ауылдарымыз көп болғай!

 

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Abai elı» газетінің жауапты хатшысы, журналист

Республикалық «Ұлылар елінің ұрпақтары»

журналының директор-Бас редакторы

Жазира ҚАЖЫҚЫЗЫ, журналист,

Жансая СОВЕТБЕКОВА, дизайнер

Қарауыл-Қасқабұлақ -Қарауыл

Ұқсас жазбалар

Ұлы отан соғысының 80 жылдық мерекесіне орай өткізілген «Темірлан » ШҚ жетекшісі Оразалин Орал Қайырлыханұлының ұйымдастырған асы!

admin123

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ

admin123

ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: АҚПАРАТТЫ ІЗДЕУДЕН МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ІЛГЕРІЛЕТУГЕ ДЕЙІН

Anar Sarsenbina

ПІКІР ЖАЗУ