ЖАҢАЛЫҚТАРЖАС ҚАЛАМ

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ

ЖУРНАЛИСТ деген сондай жан…

«Журналист — ол да найзагер,
Қолына желек, ту алған.
Жақсылық көрсе қайда егер,
Басқадан бұрын қуанған.
Шалады көзі шалғайдан,
Жауы оның жерде — жамандық,
Журналист деген — сондай жан,
Журналист — сондай мамандық…» деп, бір кездері ақын Сабырхан Асанов жырлағандай, «жүздің жүзін көріп, мыңның мұңын жырлаған» журналист мамандығы азапты да ауыр сын.
Менің журналистік жолға кездейсоқ келмегенім көпшілікке аян. Мектеп қабырғасында жүргенде аудандық газетке мақала, өлең жазып жіберетінбіз. Содан басталған әдебиетке, жазуға деген құштарлық үлкен өмір баспалдағынан өткізіп, кәсіби журналистикаға бет бұрғызды.
Журналист боламын деп алға мақсат қойған жас журналистерге бағыт -бағдар беріп, ақыл- кеңесімізді айтып отырамыз.

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ
Жақында Құндызды ауылында Абай ауданының жалпы білім беретін ұйымдары оқушыларының арасында тұңғыш рет аудандық Сұлтан Шәріпұлы Оразалы атындағы «Тіл тағдыры-ел тағдыры» атты жас журналистер байқауы болып өтті. Осы байқауға ақын, сазгер, Кәмен Оразалин музейінің меңгерушісі Елдар Кәменұлы Оразалының төрағалығымен Көкбай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қадырова Айтбүбі және журналист ретінде мен, байқауға төрелік жасадық.
Қазақ телевизиясының негізін қалаушылардың бірі, көрнекті қаламгер, тіл жанашыры, марқұм Сұлтан Шәріпұлы Оразалин ағамыз ұлт мәдениетіне орасан зор үлес қосқан қайраткер азамат еді. Академик Рымғали Нұрғали ағайдың бала кезінен бірге өскен жан досы болатын. Ұлы Абай туған қасиетті мекеннің ұлағатты ұлын елі ешқашан ұмытпайды.

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ

Жас журналистер байқауының мақсаты: жалпы білім беретін мектеп оқушыларының арасында тұңғыш Абай ауданынан шыққан теле жүргізуші, жазушы, журналист Сұлтан Шәріпұлы Оразалының шығармалырын, телевидение саласындағы еңбек жолын насихаттау. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, оқу шеберліктерін дамыту. Ана тілімізді, әдебиетімізді қадірлеуге, құрметтеуге тәрбиелеу.
Жас журналистер байқауы үш номинациядан тұрды:

І номинация «Үлкен өмір беттері» ( жас теле жүргізушілер Сұлтан Шәріпұлы Оразалының өмірі мен шығармашылығы жәйлі хабар әзірлеп, тікелей эфир форматында жүргізді)
ІІ номинация «Бағыт айқын, мақсат бір» (қатысушы ұлы тұлғалармен немесе танымал тұлғалармен сұхбат жүргізу материалын дайындады)
ІІІ номинация «Халқымның ары –ана тілі» (қатысушы берілген тақырыптардың бірін таңдап, мақала жазды)

Байқаудың үш номинациясы бойынша 22 оқушы қатысты. Сұлтан Шәріпұлы Оразалы атындағы «Жас журналистер» байқауына арнайы логотип жасалыпты. Авторы Ш.Әбенов атындағы орта мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ермекқалиқызы Күмісай.
Байқау барысында жас журналистердің сөз саптауы, эфир барысында өзін ұстауы тілші боламын деген жастарға шабыт берді. Кейбір үміткерлердің дауысы пәсең,қағазға қарап оқығандары болды. Сұхбат жүргізген жас журналистер өздерінің тақырыптарын дұрыс таңдап, сұхбат жүргізудің қыр –сырын ортаға салды.
Байқауға қатысқан барлық оқушыларға естелік статуэтка таратылып, аудан мектептеріне Сұлтан Шәріпұлының кітаптары сыйға тартылды. Жүлделі орын алған оқушылар Абай ауданы білім бөлімінің басшысының мадақтамасымен марапатталып, Сұлтан Шәріпұлы Оразалы ағамыздың ұлы Дулат Сұлтанұлы дайындаған бағалы сыйлықтары табысталды.

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ
Байқау соңында ардагер ұстаз,туысы Зухра Ысқақова қорытынды сөз алып, ұйымдастырушыларға, мектеп ұжымына отбасы атынан зор алғысын білдірді. Алғаш рет өткізіліп отырған байқаудың алдағы уақытта берері мол болмақ. Мектеп директоры Венера Байбекова, мектеп директорының орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Мақсат Еңсеханов ақжарма лебіздерін арнады.

ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ
Байқау қортындысы да анықталып, «Үлкен өмір беттері» бөлімі бойынша:
І орынға «Көкбай атындағы орта мектебі» КММ 11 сынып оқушысы Абзалқызы Маржан лайық деп танылды. Жетекшісі Кадырова Айтбүбі.
ІІ орын -«Жалпы орта білім беретін мектебі»КММ, 10- сынып оқушысы Рымханова Әйгерім, жетекшісі Әрімбекова Үміт;
ІІІ орын -«Шәкерім атындағы орта мектебі»КММ 11 сынып оқушысы Жанарбекқызы Аяжан, жетекшісі Мұқанқызы Гүлжанат
«Бағыт айқын, мақсат бір» бөлімі бойынша:
І орын – «Ш.Әбенов атындағы ЖОББМ» КММ 9-сынып оқушысы Асылтаева Айжан, жетекшісі Кемерханов Серік;
ІІ орын – «Ш.Тоқжігітов атындағы орта мектебі»КММ 9-сынып оқушысы Құмашева Ару, жетекшісі Шәкерова Гүлзира;
ІІІ орын -«ЖББ Қарауы гимназиясы»КММ 9-сынып оқушысы Қайроллаева Дильназ, жетекшісі Алтынбекқызы Іңкәр.
«Халқымның ары –ана тілі» бөлімі бойынша:
І орын — «ЖББ Қарауы гимназиясы»КММ 8-сынып оқушысы Оразалина Әсем, жетекшісі Алтынбекқызы Іңкәр;
ІІ орын — «Шәкерім атындағы орта мектебі»КММ 10 сынып оқушысы Ақшекина Аяла, жетекшісі Байтусов Нұржан;
ІІІ орын — «Жалпы орта білім беретін мектебі»КММ, 9-сынып оқушысы Молиханова Еркежан, жетекшісі Нұғыбаева Индира.
Осылайша, сырлы сөздің сұлтаны атанған марқұм майталман тележүргізуші жерлесіміздің есімі мәңгіжасай беретініне көз жеткіздік. Жалпы ой түйгеніміз, қара өлеңнің өлкесі, қаншама ақындар мен жазушыларды, журналистерді ұшырған киелі Абай елінде журналистер клубы, журналистер мектебінің ашылғаны дұрыс. Бұл орта болашақ жас журналистер үшін керектігі сөзсіз.

Ұқсас жазбалар

ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА АШЫЛДЫ

Anar Sarsenbina

ЕСТЕЛІК КІТАПТЫҢ ТҰСАУКСЕРІ ӨТТІ

admin123

ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: АҚПАРАТТЫ ІЗДЕУДЕН МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ІЛГЕРІЛЕТУГЕ ДЕЙІН

Anar Sarsenbina

ПІКІР ЖАЗУ