ЖАҢАЛЫҚТАР

«АБАЙ ЕЛІ» ҰЖЫМЫН МАРАПАТТАДЫ

Аудан әкімдігінде

Қазіргі қазақ журналистерін, әріптестерді де қазақ үшін қалам сермеп келе жатқан мылтықсыз майдан шебіндегі жауынгерлерге ұқсатамын. Мен үшін журналистика — өмір тағлымы. Қазіргі журналистика адамдарға информация беруден гөрі, олардың таным-түйсігіне ықпал етуші құралға айналды. Мен өзімнің газеттегі мақалаларымда классикалық журналистиканың нақты тәжірибелеріне сүйене отырып айтамын. Журналисттің міндеті мен парызы біреу ғана. Ол өз ауданына, аймағына, аудиториясына нақты ақпаратты жеткізу. Кез- келген кісіні журналистикаға үйрету мүмкін емес. Бұл мамандық адамның ішкі жан-дүниесінің айнасы. Газет, журнал журналистері қаламы қару болып, жүйріктігімен, еңбекқорлығымен, білімділігімен көзге түседі. Бала кезден қолыма қалам алып, газет, журналдарға мақала, эссе, өлең жазып шыңдалған мен жүріп өткен сара жол. Сондықтан да мамандық таңдаудан қателеспедім деп нық сеніммен айта аламын.

Ізденіс, оқу, жалықпай жұмыс істеу — бұл менің ғұмырымның мағынасы. Ондай танымдылыққа тек тыңбай еңбектенумен жетесіз.

Қалам – қару емес. Бірақ қарудан да қуатты кезі болады. Себебі қару тәнді жараласа, сөз сананы өзгертеді. Ұлттың жадын да, жұрттың жанын да сөз сақтайды. Журналист – күнделікті жаңалықтың ғана емес, дәуірдің шежіресін жазатын жан. Уақыттың тамырын ұстап, қоғамның жүрек соғысын тыңдау – екінің біріне бұйыра бермейтін аманат. Бұл – қоғам алдындағы зор жауапкершілік, ақиқатқа адалдық, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстаным.

26.06.2026 – біз үшін ерекше күн. Өткен аптада аудан әкімдігінде 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы аудандық «Абай елі» газетінің ұжымымен кездесіп, кәсіби мерекемен құттықтады. Кездесу барысында облыс әкімінің арнайы құттықтауын жеткізіп, ауданның ақпарат саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне Алғыс хат табыстады.

Сонымен қатар, биыл қайта жаңғырғанына 20 жыл толып отырған «Абай елі» газетінің мерейтойына орай редакцияның материалдық-техникалық әлеуетін арттыру мақсатында заманауи компьютер жиынтығы мен принтер сыйға берілді. Шара барысында аудан басшысы журналистердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, шығармашылық табыс пен толағай жетістіктер тіледі. Аудан әкімдігіне бағалы сыйлығы үшін редакция атынан зор алғысымызды жеткіземіз.

АЛДЫҢҒЫ ТОЛҚЫН ҚАЛАМГЕРЛЕР ҰМЫТЫЛМАУЫ ТИІС

Аудан баспасөздерінің тарихына жүгінсек, былтырғы жылы аудан гезеттерінің құрылғанына 90 жыл толды. 1928 жылы кеңестік үкіметтің шешімімен Шыңғыстау ауданы құрылып, жеті жылдан соң партия саясатына орай 1935 жылдан бастап аудандық газет «Социалистік мал шаруашылығы» деген атпен баспаханадан шыға бастады. Аудандық газеттің тұңғыш редакторы Ақылхан Шахатов есімді ағамыз болған екен, Газет тарихында «СМШ» деп аталған басылымда ұзақ жылдар редактор болып жұмыс жасаған Сәду Ақбергенов ағамыздың есімі мен еңбегін ұмытпаған абзал. «СМШ» газеті 1963 жылға дейін үзіліссіз шығып тұрды. С.Ақбергеновтен басқа Саржалдан Нұғыман Теміров, Қабден Есенғарин, Қарауылдан К.Мұсажанов, Т.Сапаралин, З.Тілеуімбердин сынды аға ұрпақ өкілдері еңбек еткен. 1963 жылы совхоздар құрылып, аудан газетінің атауы «Совхоз туы» деп өзгереді. Бұл кезеңде батагөй қария, сөзі де ісі де нық Жағыпар Жүнісжанов ағамыздың газетті дамытудағы еңбегі ерен. Атамызбен шығармашылық тұрғыда талай әңгімелестік, «Ұлылар елінің ұрпақтары» журналына батасын беріп, ақ жол тілеген жанашырлығы әсте ұмытылмайды. Жағыпар атадан кейінгі редактор болған Мейрамбек Жанболатов ағамыздың, одан кейінгі редакторлық қызметті ң тізгінін ұстаған Манар Құрманбеков ағамыздың еңбектері өлшеусіз. Оқушы кезімде редакцияға мақала, өлеңдерімді жіберіп отырдым, редакцияға апарып берген де кездерім болды. Конвертпен гонорар келетін.

«Совхоз туы» кезінде белгілі жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбаев, газетте ұзақ жылдар жемісті қызмет істеген абайлық ақындар Төлеген Жанғалиев пен Тыныштықбек Әбдікәкімов, Бауыржан Жақып, Бейбіт Сапаралы, Серік Жанболат, Совет Махметов, марқұм қаламгер ағаларымыз Төлеубек Аманғазинді, Бейбітбек Әбдікәрімовті, әр жылдары «Совхоз туында» қызмет істеген марқұмдар Мерғали Ибраев, Әнуарбек Мәкенов, Мұратбек Оспанов, Майсары Рақышев, Кеңесқазы Бәшеев, Қанаш Әбдин, Базарбай Бейсенбаев, Марат Түңлікбаев тағы басқаларды, бүгінде көзі тірі батагөй ақсақалымыз Манатай Толғанбаев сияқты ағаларымыздың аудан газетін түлетудегі еңбегін ұмытпауымыз ләзім. Газеттің фото тілші міндетін атқарған Төлеубек Сапаралин мен Сабыр Құсайыновтың газетке қосқан үлесі айрықша болған. Сондай-ақ, редакция баспаханасында қолдарын қорғасынға тигізіп, ұзақ жылдар қызмет жасап, әр газеттің шығуына қолдай еңбек істеп, газеттің ауыр қара жұмысын жеңілдеткен М.Искаков, Төлеуғайша Әкімбекова, Ләззат Жаңабаева, Жұмагүл Жасұзақова, Гауһар Мұсажанова сынды қарапайым еңбектің ерен ерлерінің есімдерін ел білген дұрыс. Газетте қызмет жасап, ұмытылмас өзіндік ойы, ісі мен ізі болған Әйгерім Сейсенбина, Қазима Торпақова, газеттегі ұстазым марқұм Сәуле Садуақасова (Нұртазина) Зәрерқызының еңбектерін біліп жүрген жөн. Қаламдары жүйрік Рысбек Көркембаев, Нұргүл Тайгулиналардың сол кезде де, Абай елі газетінде де мақалалары жарық көріп отырды. Күні бүгінгіге дейін газеттен қол үзбей белсенді жазып жүрген Көкбай ауылынан Бағдат Балықбаев ағамыздың есімін мақтанышпен айта аламыз.

БҮГІНГІ «АБАЙ ЕЛІ»

«Совхоз туынан» соң «Шыңғыстау», «Шыңғыстаудан» соң 2003-2006 жылдары газет жекешеленіп марқұм, журналист Құмар Жүністің тұсында «Абай ауылы» деген атпен шықты. 2006 жылы аудандық газетті «Абай елі» деген атпен қайта шығаруға Нұртазина (Сәдуақасова) Сәуле Зәрерқызы бел шешіп кіріскен болатын. Сөйтіп «Абай елі» 2006 жылдан бастап тұрақты шыға бастады. Басында білікті журналист кадрларды табу, үгіттеу, тәрбиелеу, басылымның шығарылым санын көбейту, бюджеттен жартылай ғана қаражаттандырылатындықтан қосымша қаржы табу, тағы да басқа көкейкесті мәселелерді бірден шешу оңай болған жоқ. Осы орайда Сәуле Зәрерқызының ұжым басшысы ретінде табандылығы, тынымсыздығы, ұйымдастыру жұмыстарындағы алымдылығы жарқырап көрінді. Аудан әкімдігі, ауыл әкімдері, мекеме басшылары, ішкі саясат бөлімі аудандық газеттің сапалы шығуына ұйытқы болды. Барлық жауапкершілік бас редакторда болатыны белгілі. «Бір редактор бар, басылымның құты, бір редактор бар, басылымның жұты» демекші, басылымның құты болған марқұм Сәуле Зәрерқызы ұлылар мекені, Абай елінің бірден-бір ақпарат көзі саналатын «Абай елі» газетінің оқырмандар ықыласына бөленуі жолында ересен еңбек етті. Бірбеткейлік, қайраткерлік, алғырлық, қиын-қыстау сәтте жол таба білу, турасын айтқыштық, тынбай іздену сияқты бойындағы адами абзал қасиеттер оны көптің құрметіне бөледі. Ер азаматтар көтере алмаған жүкті ол мойнымен көтеріп, тығырықтан шықты. Аудандық басылымның облыс әкімінің марапатына ие болған шақтары да болды. Аудан басшылығы тарапынан марапатталып, жыл сайын «Журналистер күнін» кең көлемде атап өту дәстүрге айналды. Аудан газеттерінің 75 жылдығын Сәуле апайдың ұйымдастаруымен атап өткеніміз әлі есімде. Сол кісінің табандылығы арқасында жеке кабинетке ие болдық, көлікті де алдық. Редакцияға керекті құрал –жабдықтардың бәрін жаңадан алдырып, мықты бір мекемеге айналдырды. Ойлап қарасам, газеттің қалыптасуына жанкештілікпен қызмет етіпті. Өкініштісі, қызығын көрмей кеткені. Тынымсыз еңбек пен кәсіпке деген адалдықтың үлгісі – Сәуле апайдың өрелі өмірі. Ел асыға күтетін газетке айналды. Газет бетіне жариялауға келетін мақалаларды бір електен өткізіп, өңдеп, ой қосып, одан қала берді фотосуреттердің сапалы болуына ерекше мән беретін-ді. Кәсібилігі мен асқан біліктілігі, қызметкерлерге деген адамгершілігі олардың өмір көшіне ілесуіне септігін тигізді. Кез келген жағдайда кісілік келбетін сақтап, тектілігін паш етіп жүретін басылымның бас редакторы Сәуле апайдың өмірі маған ізбасар шәкірт ретінде үлгі болып қалмақ. Туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі кейінгі буын журналистер үшін де нағыз нұсқа, нағыз формула. «Абай елі» газетінде 2006 жылы газет қайтадан құрылған кезде құрамында Сәуле Зәрерқызы бастаған төрт ақ адам, бір редактор, бір тілші, бір есепші және бір пошташы газеттің дамуына айрықша үлес қосты. Газет таратушы болып Нұргүл апай еселі еңбек етсе, газеттің тілшісі марқұм Рүстем Еркінұлы 2010 жылға дейін, бас есепші Жадыра Қамбарова күні бүгінге дейін қажырлы қызмет атқарып келеді. Мен жауапты хатшы, тілшілік қызметке тағайындалдым. Газетте Сәуле Зәрерқызы екеуміз ғана қызмет еткен жылдар ішінде апта сайын газет шығаруға қалаға жол тартатынбыз. Ноутбук, принтерімізді арқалап, бір сөмкеге қағаздарымызды толтырып ап газет шыққанға дейін ақ тер, көк тер болып мазамыз болмайтын. Газет шыққан соң ғана жанымыз жадырап, көңіліміз жайланып, тіпті бір сәбилі болғандағыдай күй кешетінбіз. Ол да бір өткен дәурен-ау!

1700 ден аса тұрақты оқырманы бар «Абай елі» газеті басында 15 күнде бір рет, айына 2 рет шығып отырса, ағымдағы жылдың ақпанынан айына 3 рет жарық көрді. Ал тамыздан бастап аудан басылымы апталық газетке айналды. Газетіміз 8, 12, 16, 24, тіпті кейде 32 беттік болып шығатын. Аудан газеті Семей қаласында орын тепкен «Байуақов ТВК- 6» ЖШС –дағы «Спектр» баспаханасы ашылғаннан бері шығып тұрды. Бүгінде газет оқырман саны 2000. 8 беттік газет Өскемен қаласындағы «Рекламный Дайджест» баспа орталығынан басылып шығады.

2013 жылдан 2016 жылға дейін тілшілік қызмет атқарған Тоғжан Рахымбекқызы бүгінде Абай атындағы мамандандырылған мектеп –гимназия интернатында бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек етуде. Редакциямызға келген қолмен жазылған мақалалаларды компьютерге теретін Дүкенбаева Баян терімші болып 2010 жылдан 2023 жылға дейін абыройлы еңбек етті. Жұмыспен қамту бөлімінен уақытша мамандар тартылып отырды. Бас есепші Жадыра Қамбарова мен марқұм Ардақ Нұрланова Сәуле Зәрерқызының есеп- қисап жағынан адал көмекшілері болды. Есепші Ержан Қилыбаев, көлік жүргізушілер Ақан Беркімбаев пен Заңғар Қамбаровтың газет тасымалдау кезіндегі еңбектері ерекше болды. 2010 жылдан бастап осы уақытқа дейін газет тартаушы болып қызмет атқарып жүрген Сайрангүл Наушабаева өз ісінің майталманы болып қалыптасты. Газеттің ішкі жұмысына Камалхан Ақмолдина еселі еңбек етті. Сәуле Зәрерқызының көзі тірісінде жұмысқа қабылданған Әйгерім Әділбаева мен Нұржан Байтөс екі- үш жылдай тілші қызметін атқарып, басқа қызметке ауысты.

Журналистік қабілетімді шыңдаған Сәуле Зәрерқызы Нұртазина 2014 жылы ауыр дерттен қайтты. Редакцияны сегіз жыл басқарды. Сәуле Зәрерқызы өмірден өткен соң 2015 жылдан 2018 жыл аралығында газет редакторы болып Нұржан Байтусов тағайындалды. Бұл жылдары Тоғжан Қалымова мен Тоғжан Нуриденова «Жастар ісі» бағдарламасы аясында тілшілікке қабылданып, тәжірибеден өтті. Тазалықшы болған Теңлік Ағажанованың еңбегі ұмыт қалмауы тиіс. «Абай елі» газетінің кейінгі бет көркемдеушілері Самал Серікқазиева, Мақсат Рахметов, Нұрым Самажанов, Жансая Советбекова, Алтын Искакова, Алуа Берікболовалардың есімдерін мақтанышпен айтуға болады. Бұдан кейінгі жылдары газет редакторы болып зейнеткер,әдебиетші, өлкетанушы Әсет Мырзақасым аға жеті жылдай тізгінін алса, талантты ақын Бақытжан Байболовтың газеттің дамуына, жаңаша бағыт алуына қосқан үлесі орасан зор. Бүгінде газет редакторлығы қызметін жігерлі, жаңашыл Жібек Акрам атқаруда. Ортамызға жаңадан келген газеттің жас тілшісі Жазира Қажықызы да мақала жазуға төселіп келеді.

«Саясатқа сықитып әр парағын,

Мақтаудан тауып жатқан мал табарын.

Бас газетке басымды ауыртпай –ақ,

«Абай елін» ақ таңдай қарсы аламын.

«Датқа» да шұқшимаймын дат сұраған,

Тырнақтың кірін аршып, топшылаған.

Көшірме көп газетті оқығанша,

«Абай елін» ашқаным жақсы маған.

«Абай елі» -өз елім, өз газетім,

Басшыға да, қосшыға да сөз беретін.

Әр бетінен халықтың үнін естіп,

Теңіздей қуанышқа тербелесің

Қайғыдан хабар алып күйінесің,

Той жасаған туысқа сүйсінесің.

«Абай елі» -біз үшін «Орда басы»,

Ой мен қырдың ортасы бірігетін!

Бір саны бір санынан тәуірленіп,

Мақаласы тұратын маңыз беріп,

«Абай елі» алда да жарқырай бер,

Абай елі айнасы тәрізденіп»,-деп ақын Төлеген Жанғалиев жыр арнаған бір кездегі «Абай елі» газеті бүгінде өсу, өрлеу сатысында.

Кезінде бір парақ ақ қағаз бен жалғыз қаламмен ашылған редакцияны жанкештілікпен жандандырып, редакцияға, журналистке не қажеттінің бәрін алдырып, үлкен бір шығармашылық ортаға айналдырған Сәуле Зәрерқызының салып кеткен сара жолын жалғастыру — менің шәкірттік парызым. Осы жылдарда жеткен жетістіктерімнің барлығы кәсіби журналист ретінде еңбек еткендігімнің арқасында деп білемін. Туған еліміздің туын биіктетуге елеулі үлес қосып, тындырымды істерімен танылған аудандық «Абай елі» газетінің ғұмыры ұзақ болғай! Редакциядағы әріптестерімнің алар асулары мол болсын, Біздің «Abai elı» газеті аудан айнасы болып, жүректері Абай деп соққан әр ұрпақтың үні болғай, әрбір үйдің төрінде тұрсын!

Анар СӘРСЕНБИНА,

«Abai elı» газетінің жауапты хатшысы, журналист

ҚР Журналистер одағының мүшесі

«Ақпарат саласының үздігі»

Ұқсас жазбалар

«25,8 триллион теңге: ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ҚАРЫЗЫ ҚАЙДА БАРАДЫ?» Халықтың қаржылық тұрақтылығы қай деңгейде?

Anar Sarsenbina

Жүлде қоры 120 млн теңге. Жеңімпаздар анықталды

admin123

ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ

Anar Sarsenbina

ПІКІР ЖАЗУ