Мамыр 17, 2024 13:41

«ҚАЛАМҚАС» ДЕП ӘН САЛДЫҚ

Ұлылардың қаны тамған мекенде өнер мен өлеңге деген зор ықылас, іңкәрлік, құрмет ұрпақтан ұрпаққа адасып, тамырын тереңге жайған. Осынау нәрлі топырақта осыдан 50 жыл бұрын дүниеге келген Абай елінің мақтанышы «Қаламқасы» атадан балаға мирас болған киелі өнерді жалғаған айтулы, аты әйгілі халық ансамбілі. Әрине ансамбльдің құрылғанына 50 жыл болғанымен, ұлылар еліндегі өнер сабақтастығы тым тереңде, бастауы әріде жатқаны бәрімізге аян.

Шыңғыстауда ХХ ғасырдың 60-шы жылдарының соңына қарай ауыл-ауылда сахналық қойылымдарға ерекше мән беріліп, өнерлі жастар мен үлкендер жағы соған ат салысты. Соның нәтижесінде қазақ сахарасын дүр сілкіндіріп тұңғыш рет «Ой құдықта» «Еңлік-Кебек» 1917 жылы дүниеге келді. 20 жастағы Мұхтар Әуезов Шыңғыс өңіріне өнердің жаңа түрін әкелді. Осындай қойылымдарға өнерлі жастар шоғырланып, өздерінің сан түрлі өнерлерімен халыққа таныла бастады.

Өнерлі жастардың өрісін ашқан, талаптарына нұр жауғызып, бұлақ көзін ашқан, алғашқы өнер қарлығаштарының қанатын қатайтып, биікке самғатқан керегесін керіп, уығын қадаған ағаларымыз аудандық партия комитетінің І-ші хатшылары, басшылар Ғафиз Матаев, Н.Сенбаев, О.Арғынбеков, Р.Ғабдуллин, О.Садуақасов, Ж.Жүнісжанов, Б.Орынбаев сияқты ел ағаларының қамқорлығын ерекше атауға болады. Молдабек Жанболатов- мәдениет бөлімінің бастығы, Болат Баймұратов- көркемдік жетекшіміз режиссер. Мәдениет саласын басқарған, өнерін көркейтуге ат салысқан З.Мұқашева, М.Ерденбеков, Е.Оразалин, С. Нұрпейсов, Л.Орынғожина сияқты ел ардақтарының еңбектері аудан мәдениетінің тарихында жазылып қалады. Осындай ел ағалары мен өнердің жанашырларының қолдауымен Абай елінің өнері биіктерден көріне бастады.

1966 жылы Абай жастары Республикалық байқауға жолдама алып Алматыда «Қарагөз» трагедиясын сахналап 1-ші орын иеленсе 1967 жылы Мәскеуде Кремль сахнасында «Жамбыр» спектаклін қойып, халық театры атағын алды.Өнерлі жастарға жол ашу мақсатында Ғ.Матаевтың ұсынысымен 1970 жылдан бастап ауыл-мекеме күндері 50 жылдан астам уақыттан бері өнерпаз қауым жалғап келеді. 70 жылдары Республика бойынша жер-жерде эстрадалық ансамбльдерді ұйымдастыру қолға алына бастады. «Досмухасан», «Айгүл», «Гүлдер» тағы басқа. Біздің жастарда бұл жаңа үрдіске қызығушылық танытып Абай орта мектебінің танымал оқушылардың экстрадалық ансамблі құрылды. Алғашқы жетекшілері Омашев Нысанбек мұғалім болды. Эстрада құрамында Ерлан Сыдықов, Бауыржан Бекмұханбетов, Бейбіт Матаев, Рақым Қожахметов.Жеті шекті гитараға Ерлан мен Бейбіт үйлеріндегі радиоланың дыбыс күшейткішін орнатып, мектепте бірінші концерттерін береді. Олардың бұл әрекеті аудан басшысына да ой салды. Арнайы білімдері жоқ болса да өнерге деген құлшынысы таудай талаптары бар еді, қандай қиындықты болса да жеңіп шығар жастық жігерлеріне сүйсінген басшы эстрадаға қажетті аспаптарды алғызып,аудандық мәдениет бөлімінде өнерлі жастарды іріктеп, топтастырды. Үйретуге қаладан арнайы музыкант-гитарист шақырды, жетекшілікке Болат Баймұратов тағайындалды. Әншілері- Баян Сағынбаева, Төкең, Роза Сакеновтар, Тамара Көзбаева, Шаймангүл Жұмашевалар еді.

Ащы тердің береке- бірліктің өнерге деген шынайы іңкәрліктің жемісіндей болып 1972 жылы 1ші мамыр күні аудандық мәдениет үйінде «Қаламқас» эстрадалық ансамблі концерт беріп тұсауы кесілді.Осы концерттын тамашалаған абайтанушы ағамыз Қайым Мұхамедханов жақсы бір тілек айтып батасын беріп еді. ««Қаламқастарың» құтты болсын, Абай елі! Өнерде ұзақтылық, қайталанбас өнер, Шыңғыстың шынар ағашындай даралықты тілеймін, қадамдарың мықты болсын!»,-деп еді. Дуалы ауыздан шыққан осы сөз «Қаламқастың» жолын ашты қанатын қатайтып, өнерін өрістеткендей болды.

Жай отындай жарқ етіп, көрерменнің көзайымы болған «Қаламқастың» күн өткен сайын даңқы асқақтай түсті. Жанашыр демеушілер де көбейді. Сол кезде Семей облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болған Екейбай Қашағанов «Қаламқасқа» костюм мен музыкалық аспаптар алуға көмектессе, Абай еліне келген Қазақ КСР Орталық комитетінің І-ші хатшысы Д.Қонаев «Балалар қандай бұйымтайларың бар?»-деген ғой. Сонда сахнаға Бауыржан Бекмұханбетов шығып «Электронды орган болса»-деді. Мұфтахар Орынбаев «Концертпен ауылдарға шығатын автобус керек»-деді. Серғазы Жанғалиев «Жақсы музыкалық аппарат болса»-деген ойларын білдірді. Көп кешікпей 3-4 айда осы үшеуін де бірінен соң біреуін жіберген болатын. Чехтың «Тэсло» аппаратын, екі қатарлы «Фермоно» деген керемет электронды орган, 24 орындық «Кубань» автобусын сыйға тартты. Бұндай «Тэсло» аппарат «Досмұқасан» мен «Қаламқаста» ғана болды, керемет! Абай еліне оның өнеріне деген үкімет басшысының үлкет құрметіне тәнті болдық. «Өнерлінің өрісі кең» демей ме?! Өнері өрге домалап елдің алғысы мен құрметіне бөленген өнер ұжымы Чехословакия, Венгрия, Түркия, Қытай т.б.елдерге барып қазақ елінің өнерін паш етіп қайтты.

Жеті құрлыққа аты аңыз болған «Қаламқас» ансамбліне міне биыл 50 жыл толып отыр. Ансамбльдің атын қоюда біз үшін бір тарих. Себебі зерделі қауым ақылдасып әркімнің әр түрлі ұсынылған аттарына конкурс жарияланып «Шыңғыстау», «Сарыарқа», «Ән самалы», «Қаламқас», «Қаракөз» т.б.20 дан астам аттардан іріктеніп, сұлулықтың символы болған Абайдың әні «Қаламқаспен» атау ұйғарылды. Ансамбльдің сүйемелдеуімен Ғаппас Қасымов осы әнді шырқады, оған әннің қайырмасында әншілермен бірге бүкіл халық орнынан тұрып дүрілдете қол соқты.

Халықының қалаулысы атанған «Қаламқас» Абай елінің ақ батасымен 1973 жылы халықаралық фольклорлық өнер фестиваліне қатысуға жолдама алды. Ансамбль жаңа құраммен қазақтың фольклорлық ұлт аспаптар ансамблі болып құрылды. Себебі шет елдіктерді эстрадамен таңқалдыру мүмкін емес еді. Төрт ай үздіксіз дайындалып, намысты қолдан бермей Абайлықтар үлкен жеңіспен оралды. 45- өнерпаз аттанған болатын. Чех жерінде 13 күн концерт қойды. Осындай сүбелі табысқа жетуге халық артисі Байғали Досымжанов, ансамбльдің дирижеры Мырзағали Айдаболов, балетмейстр Даурен Абировтың ансамбльдің жетекшісі Болат Баймұратовтардың өлшеусіз еңбектері бар.

Венгрия мен Түркия, Қытай елдеріне барар сапардағы балетмейстр Жанат Байдаралин, оркестрді дайындауға көмек жасаған Серік Малаев, Владимир Гштерцевтің есімдерін атап өнерімізді өрістеуге жасаған еңбектері үшін алғыс айтамыз. «Қаламқастың» жұлдыз болып жануына демеуші болған жандар. Солардың салып берген ізімен «Қаламқас» бүгінде өздерінің өнер жолын уақыт талабына сай жаңа бағдарламамен жаңаша түрлендіріп халық көңілінен шығып алғысына бөленуде.

Бүгінде «Қаламқас» ән-би ансамблі өзінің 50 жылдығын өткізуге қызу дайындық үстінде. Ансамбльдің жарты ғасыр өмір сүруіне әр кезеңде әкеліп, ағалық қаамқорлықтарын жасаған аудан басшылары-Ғафиз Матаев, Қоңысбай Қойшыбайүлы, Бақыт Сүлейменұлы, Тұрсынғазы Жантұяқұлына және Мәдениет бөлімін басқарып ыстық, суығына төзе білген Молдабек Жанболатов, Әлібек Әкішев, Мұрат Алин, Жақан Дәрібаев, Әлімқұл Ысқақов, Әсет Мырзақасымов сынды өнер жанашырларына алғысымыз шексіз.

«Тас түскен жеріне»-демекші осынау торқалы тойдың ойдағыдай өткізу барысында Абай ауданының әкімі Нұржан Оразбекұлы ерекше көңіл бөліп бір талай шараларды қолға алуда. Білімді де білгір басшы, шебер ұйымдастырушы Мәдениет үйінің директоры Лаура Советқызы 50 жылдық концертті жаңаша форматта өткізу үшін ансамбль жетекшісі Еркін Жолжігітов пен балетмейстлер Ария Айтбаева мен Зайра Карипжановаға ерекше тапсырмалар беріп, дайындық барысын күнделікті қадағалауда, «Әрине 50 жыл бір адамның ғұмыры. Халық алдында кешегі «Қаламқастың» незін қалаған ардагерлер мен осы уақытқа дейін еңбек еткен өнер саңлақтарының алдында есеп беру оңай шаруа емес, сондықтан үлкен жан-жақты дайындық үстіндеміз»-дейді Лаура толғана. Осыны ұққан Абай елінің өнерпаз жастары аудан абыройын ғана емес, қазақ өнерінің абыройын асқақтатқан «Қаламқастың» әрдайым өз биігінде болатынына сенемін.

1972 жылы керегесін керіп, уығын шаншып, халық болып атын қойған киелі өнердің қара шаңырағына айналған «Қаламқасымыздың» туы әрдайым биіктен желбіресін деп тілейміз ардагерлер.

Қаламқасқа 40-50 жыл еңбегін сіңірген өнер майталмандары әншілері мен бишілері жайлы айшықталып айтылып, кітап болып шыққан болатын. Бүгінгі «Қаламқастың» жастарына біздің өнер жолымызды берсін, Қанаттарың толмай, өнер биігіне самғай беріңдер! Келешек ұрпақ сендерді де мақтан ететін болсын! Сұлулықтың, мөлдір сезімнің, аппақ арманның, биік мұраттың, әдеміліктің сахна сәнінің символына айналған «Қаламқас» пен оның аруларына тамсана небір жыр шұмақтары ақтарылып жатты. Солардың ішінде жүрегіне нәзік нұр тұнған Мерғалидің «Қаламқастың қыздары-ай» деген керемет жыры, сазгер Тұрсынғазының әнімен өрілді. Бұл біздің сүйікті әнімізге айналды.

Әнін аңсап келесің

Әуеніне ересің

Әйгерім мен Тоғжанның

Болғанына сенесің

Қаламқастың қыздары-ай!

Бұдан артық қандай теңеу керек! Ия,50 жыл бойы «Қаламқас»-деп ән салдың ыстығына күйіп, суығына тоңып, өнердің қара шаңырағын шайқалтпай келешек өнерлі ұрпаққа аманат етіп табыстадық. Тәуба, өнеріміз өрісті,еңбектері жемісті болып мерейлі мерекеге де жеттік. «Абай атамыздың атына кір келтірмеңдер»- деген халықтың аманатын ақтады. Әлем таныған өнер ұжымына айналды!

Абай елінің сұлу «Қаламқасы» жасай бер! Әніңді аңсап, әуеніңе ерген көрермендерің көп болсын! Жасай бер өнердің қара шаңырағы!

Жас өмір жайқалтады жапырағын,

Жас өмір қандай ыстық жақсы әнің.

Жас өмір толған мақсат, шексіз арман,

Батыл ой, ұшқыр қиял батыл адым-деп ақындар жырлағандай жастың ғұмырымыздың 50 жылдан астамы өнерге, арналған. «Қаламқас біздің жастық өміріміз. Арман, мақсат, жақсы әніміз!»

Нағия Бұланбаева

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

«Қаламқас» ансамблінің ардагері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған