Ж.Молдағалиев атындағы орта мектепте ардагер ұстаз А.Қ.Ғабдулинаның, кітапханашы Ш.Қ.Ғабдулинаның ұйымдастыруымен Тоқтамыс ауылының тұрғыны, мектептің түлегі, Абай ауданының Құрметті азаматы, ішкі істер министрлігі мен Қаржы полициясының үздік қызметкері Әзімбаев Ернұр Мұсабайұлының «Тергеуші жазбалары» атты кітабының таныстырылымы жоғарғы деңгейде өтті.
Ардагер ұстаз кітап авторын құрметпен атап, балаларға сұрақ қойып, жетелей отырып тектіліктің үлгісі Әзімбаевтар әулетімен таныстыру жасады. Информатик мұғалім Е.Ақылтайұлы даярлаған Ернұрдың отбасылық фотоларын шебер пайдаланды. Ауылдағы бір көшеге есімі берілген Социалистік Еңбек Ері, қарапайым еңбек адамы Шыңғыс Әзімбаевтің Ернұрдың туыс атасы екенін білгенде оқушылар таңданысын жасыра алмады. Ал ата-анасы дәл мектептің алдындағы үйде тұрып, бірі география пәнінің терең білімді мұғалімі, әрі директор болған Мұсабай Әзімбаев, бірі қазақ тілінің білікті мұғалімі Теңдік Әділханова болғанын білгенде ду қол шапалақтады. Өз саласының майталман маманы, ұзақ жылдар ішкі істер саласында абыроймен жұмыс атқарған, жыл ма-жыл аудандық шараларға демеушілік жасап жүрген, өнерімен де ерекшеленіп өлең, ән шығарып, «Құнанбай қажы» симфониясын жазған азаматтың өздерінің мектептерінің түлегі екенін білгенде оқушылардың көздері жайнап, кеуделерін мақтаныш кернеді.
Ары қарай ауыл кітапханашысы Шолпан Қабдырахманқызының кітап бойынша айтқан пікірін, өмірін өлеңмен өрнектеген ерекшелігін айтқанда қызыға тыңдады. Таныстырылымға арнайы шақырылған кластастары Құрметжан ағаларының, Жұмағайша апайларының өнерге, оқуға жастайынан құмар болған бала Ернұр, есейген еңбекқор Ернұр туралы әңгімелері тіпті шынайы болды. Кітаптағы деректі материалдар желісімен жазылған қылмыс әлеміндегі оқиғалар туралы айта келіп, соның бел ортасында жүріп талай қылмысты ашып еліне адал қызмет жасаған кластастарының ерен ерліктерін баяндады.
Айжан мұғалім Ернұрдың көптеген әндерінің бар екендігін және зайыбы Зария Орынғалиқызы продюсерлік жасап отырған » Мәңгілік ел» әншілер тобының орындауында бүкіл қазақстандықтарға мәлім екенін айтып қатысушылардың танымын арттыра түсті.
Қолма-қол интерактивтік тақтадан Ернұр жазған » Тоқтамысым ауылым» өлеңін оқып берді. Балалар өздері күнде естіп,көріп, біліп жүрген жер, өзен, тау атауларын естігенде керемет қуанды. Әрі қарай әннің орындалуына үндерін қосып, бәрі бірге шырқады.
Таныстырылымға қатысып отырған оқушыларға, мектеп және ауыл кітапханасына автордың аманаты — беріп жіберген кітаптары сый ретінде таратылып берілді. Ернұр Мұсабайұлының кластасы Жамал Берікболқызы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арай Қуанышқызы тартымды,қызықты шараны өткізген ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Кезегімен олар да мектепте оқуға құмар оқушыларды көріп, ризалықтарын білдірді.
Келешекте сегіз қырлы, бір сырлы азамат Елнұр Мұсабайұлы Әзімбаев туралы бұдан да кеңірек танымдық шаралар өтсе, мамандық таңдау, өзін өзі үнемі жетілдіру өнегесі көпке үлгі болары сөзсіз.