Тұғыры биік тұлға. Семей қаласында Абай атындағы облыстық кітапханада Кеңес Одағының «Құрмет белгісі», Қазақстан Республикасының «Құрмет”,’Парасат” ордендерінін иегері, коғам қайраткері, Абай ауданының «Құрметті азаматы» болган Амантай Мұқатайұлының өмір жолы, атқарған еңбегі, қоғамдык қызметі туралы «Тұғыры биік тұлға» атты естелік кітаптың тұсаукесері және Абай облысының мемлекеттік архивінде қоғам қайраткеріне арналған жеке корының ашылу ресімі өтті.
Бір күнде өткен екі шара зор маңыздылығымен есте қалды. Амантай Мұқатайұлының Абай ауданынының әлеуметік экономикалық дамуына сіңірген еңбегі орасан. Ол мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып қана қоймай жергілікті қой тұқымдарын жетілдіру мақсатында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге атсалысқан. Оның бастамасымен үш кандидаттық диссертация сәтті қорғалып, өңірдің ғылыми әлеуетін көтеруге оң ықпал еткен. Абай облысының мемлекеттік архивінен Амантай Мұқатайұлының жеке қоры ашылып, құжаттардың қабылдау тапсыру актісі ұрпақтарына табыстады.
Ұрпақтары ұйымдастырған өнегелі іс-шараға замандастары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Абай атындағы кітапханада өткен іс-шараны ақын Мерей Қарт алғы сөзбен ашып, ағамыздың замандастарын таныстырып өтті.
Абай облыстық мемлекеттік архивінің директоры Мусин Болат Темірғалиұлы сөз алып, ағаның өмір тарихы, құжаттарының өзі тұтас бір ғұмырдың өлшеміндей екенін әрі ұмытылмайтын ісі мен ізі бар тұлға екенін дәріптеп өтті. «Қаламқас»халық ән би ансамблінің дәстүрлі әншісі «ҚР мәдениет саасының үздігі» Қонысбек Байдашевтың орындаған «Әке өсиеті» әні әр жүректен орын алып, әке рухына тағзым еткізді. Аудан әкімі Смағұлов Мейіржан Серікбосынұлы өз сөзінде Амантай Мұқатайұлының тұлғалық қасиетін, ауданымызға белгілі, ел сыйлаған ақсақалдардың бірі екенін айта келе, өзінің ой пікірін, ұсынысын халық алдында ашық айта алатын Амантай ағамыздың бүгінде орны ойсырып тұрғанын тілге тиек етті. Ел ағалары тарихшы, этнограф Молдабек Жанболатұлы, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Тоқаев, «Абай» қорының президенті Отантай Кәріпжанұлы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР халық ағарту саласының озық қызметкері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арап Слямұлы және қоғам қайраткері Жақсыбек Жиенбаев ағаларымыз сөз мәйегін тамыза Амантай Мұқатайұлы жайлы тың естеліктермен бөлісті. Туыстары атынан әулеттің үлкені Қайныш апа, Мағазбек Әубәкірұлы, Махмұтбай Санбайұлы, Бауыржан Амангелдіұлы тамаша естеліктерін ортаға салды.
Амантай Мұқатайұлының қоғамға сіңірген еселі еңбегі, өмірі мен жүріп өткен жолы өшпес тағылым. Адамның ой санасынан мықтап орын алатын мәдени шарада құнды кітаптың тұсау кесері өтіп, барлық құжаттары облыстық мемлекеттік архивке тапсырылуы баршамызды қуантты. Бұл өскелең ұрпақ үшін де жасалған үлкен іс деп білеміз. Ел үшін туған тұғыры биік тұлға, ардақты ағамыздың атқарған істері жас ұрпақтың ойында, замандастарының көз алдында, халықтың жадында жарқын бейнесі мәңгі сақталары хақ.
Амантай Мұқатайұлы жайлы жазылған «Тұғыры биік тұлға» атты кітаптың лентасын қию құрметіне Абай облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Әлин, Көкбай атамыздың немересі Көкбаев Амангелді, Абай облысының Құрметті азаматы Шаған Жұмақсанов және ел ағалары ие болды. Қазақы дәстүрмен аналарымыз шашу шашып, қуанышты күннің маңызын арттырды. Ұрпақтары да осынау іс –шараға келіп қатысып, асқар тау әкелерінің рухын сыйлап келген барша қатысушыларға ақжарма алғыстарын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді.
Амантай Мұқатайұлын еске алғанда ел ағаларының тебірене сөйлеп, көзіне жас алмайтын адам жоқ десек те болады. Абай елінің дамуына өзінің қолтаңбасын қалдырған қоғам қайраткері Амантай Мұқатайұлы өзінің еңбегімен жастарға жол сілтеп, үлгі бола білген тұлға. Еңбек жолындағы іс- тәжірибесімен бөлісіп, ауылдағы талай игі іске қолдау көрсеткен А.Мұқатайұлының өмірі мен еңбек жолына арналған «Тұғыры биік тұлға» атты кітаптың тұсаукесер рәсімінен мол ғибрат алып қайттық. Амантай ағамыздай айтулы тұлғаның өзіндей ел мақтайтын іскер де еңбекқор, жолын қуып, ізін жалғастырған Асхат, Асқар атты ұрпағы, оғландары барда әке есімінің мәңгі өшпейтініне куә болдық.
Амантай Мұқатайұлындай көрнекті тұлғаның өмір жолындағы ғибратты ісі көпке үлгі болып қала бермек.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Аbai elı» газетінің жауапты хатшысы
Республикалық «Ұлылар елінің ұрпақтары» журналының директор-Бас редакторы