Осы тақырыпта өткен аптада тамаша өнер майталманы, аңыз адам, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері», «Шапағат» медалінің иегері, «Еңбек ардагері» төс белгісінің иегері, күміс көмей әнші Көзбаева Тамара Қауысқызының 70 жылдық мерей тойына арналған шығармашылық ән кеші өтті.
Концертке Тамара Көзбаеваның өнеріне тәнті өнер сүйер қауым көп жиналды. Талай жылдардан бері сахнаны серік еткен, «Қаламқастың» іргетасын қаласуға зор үлес қосқан талантты Тамара Қауысқызын Абай елінде білмейтін адам кемде-кем. Халқы мен әріптестері еркелетіп Тома деп атап кеткен Тамара Көзбаева сөздің емес, істің адамы, өйткені сахнада жүрек жарды сөздерін әнмен жеткізгенді жөн көреді.
Қашанда адам өзінің туған жерін, өскен ортасын сөз етер болса, бұл тұрғыдан алғанда өзін бақытты жанмын деп есептейтін Тамара Көзбаева шығармашылық концертін өзінің 70 жасқа толған белесінде тағы бір атап өткенді жөн көрген екен.
Абайдай данышпанды, Шәкәрімдей кемеңгерді, Мұхтардай ғұламаны берген киелі де қасиетті мекенде халқым деп жүрегі де тілегі де бірге соққан Тамара тыңдармандарының құлақ құрыныш қандырып, тума талантымен талайдың таңдайын қақтырып жүргені баршаға аян.Ес біліп, есейгеннен бергі барлық саналы ғұмыры азды-көпті еңбегін туған жері мен халқына арнапты. 1972 жылы Саржал орта мектебін бітіріп, өнер жолын таңдаған ол сол жылы «Қаламқас» ансамблінде еңбек жолын бастады. Тамара Көзбаева бүгінде сол бір кезді ыстық сезіммен еске алады. «Мені өте бір жылылық көңілмен қарсы алып, бауырларына тартқан аға- апайларыма күні бүгінге дейін алғысым шексіз. Өйткені оңым мен солымды әлі тани қоймаған мені, сүрлеуі мен соқпағы көп, қиын да болса қастерлі өнер жолына жетелеген де солар деп»,- мереке иесі жан жүрегімен ақтарылды. «Қаламқаста» 40 жыл бойы халқының жүрегінен жылы орын алған сүйікті әншінің өнер жолдарына үңілсек, 1973 жылы Чехославакияда халық аралық фестивальға қатысты. 1976-жылы Ақтөбе қаласында бүкіл одақтық фестивальда лауреат атанды. 1986 жылы Венгрия елінде өнерімен тәнті етті. 1987-жылы «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атаққа ие болды. 1991-1992 жылдары Түркия, Қытай, Түркмения, Ресей, т.б. Қазақстанның түкпір- түкпірінде ән салды.
Иә, 40 жыл бойы «Қаламқас» халық ән- би ансамблінде еңбек етіп, еңбектің жемісін көріп, абыройға кенеліп отырған Тамара Көзбаеваның алған асулары, бағындырған биіктері көп-ақ. Оған деген туған халқының да ыстық ықыластары, шынайы пейілдері ерекше еді. Концерт шымылдығы ұлы Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» әнін тамылжыта салған өзінің сүйікті «Қаламқас» ән-би ансамблінің әншілерінің құрметімен ортаға шыққан Тамара Көзбаева туған халқына сәлем берді. Абай ауданының мақтанышына айналған, өнер мен мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан мерей той иесін аудан әкімі Мейіржан Смағұлов ақжарма лебізін арнай құттықтап, «Ел алғысы» медалімен марапаттады.
Аудан тарихында 1972 жылы Қаламқас ансамблі алғаш құрылып, бүгін де Абай ұрпақтарының үні алты алашқа жайылды. «Қайран уақыт! Содан бері 52 жыл өтіпті-ау. Ол кезде мен небәрі он жеті жаста едім. (биші) Иә, Қаламқас ансамблі құрылған соң төрт айдан кейін, Партия ұйымының бірінші хатшысы Х.Матаевтың тапсырмасы бойынша Саржал ауылынан Қаламқасқа алғаш рет қолымнан жетектеп Төкен Сәкенов ағам алып келіп еді. Қолымда кішкентай ғана чемоданым бар, оң солымды танып білмегем, басымда ақ бантигім бар, кішкентай ғана қыз едім. Алдымнан ансамбль жетекшісі Болат Баймұратов ағамыз құшақ жайып қарсы алған еді.
Ал Болат аға Саржалда кішкентай бір әнші қыз бар деп едіңіз, міне алдыңызға әкеліп тұрмын деді. Ее, сол кішкентай әнші қыз осы сахнада 52 жыл қызмет атқарады деп кім ойлаған…
Менің осындай мәртебеге жеткенім сіздердің арқаларыңыз.
Мені еркелеткен, елімнен айналайын!»,- деп тебірене еске алып, «Айналайын» әнін тарту етті. «Сол жылдары менің сүйікті әнім болған «Н. Тілендиевтің «Өз елім» әні. Хафиз ағам айтушы еді. Бұл ән сені тапқан, сен әнді тапқансың деп. Ұлылар елінің өнерін биік шыңға жеткізіп, мәртебесін көтерген, өнер адамдарын еркелетіп қолдаған Хафиз ағамыздың еңбегі мәңгі жадымызда. Ендеше, менім паспортыма айналған «Өз елім» әнін өнерді құрметтеп бағалай білген, Хафиз ағаның құрметіне арнап айтқым келеді»,-деп «Өз елім» әнін кең тыныста шырқап көрермендерді тебірентті, елжіретті.
Келесі кезекте «Қаламқастың қос шынары» атанып, өнер айдынында қатар жүзіп келе жатқан өнер тарландарының бірі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, апайы әрі туысы Бақыт Шағатаева өзінің ыстық лебізін арнап, сый-сияпатын жасап, екеуі қосылып Илия Жақановтың «Жайлау көл кештері» әнін шырқады. Әсіресе, осы қасиетті сахнаның тұңғыш иелері, алғаш «Қаламқас» ансамблін құрып, кейінгі ұрпаққа өзі өлсе де, өлмес мұра қалдырған Болат Баймұратов, Роза, Төкен Сәкеновтер, Ғаббас Қасымов, Серікбол Аманбаев, Шаймангүл Жұмашева, Болат Сәтмұханбетов сынды өнер тарландарын еске алдырды.
«Өмір-ай десеңші…
Бүгінде осы «Қаламқас» ансамблінің ірге тасын қалағандардан санаулы ғана азаматтар қалды, Қайсысын жоқтайын. Небәрі 15 жасында Абай елінің өнерін Москва төріне шығарған Баянымды ма, «Қаламқастың» ірге тасын қалаған Шаймангүлімді ме, әлде Розамды ма? Төкенімді ме, қайсысын жоқтайын, Мерғалимді ме, Мейрашымды ма, Ғаббасымды ма, Жеңісімді ме, Болатым мен Маратымды ма, қос Секенімді ме, әлде Бауыржанымды ма? Өнердің құлагерлері еді-ау,-деп егіле еске алғанда залдағы өнерсүйер қауым демдерін ішке тарта көздеріне ерік берді, қосыла жылады.
Ән құдіреті деген сол ғой, талантымен талайды тамсандырған Тома апай қашанда ауылдан шалғай шығып гастролдік сапарда жүргенде кіндік қаны тамған туған жерін әнімен әлдилеп, жүрегінің түкпірінде аялап, ауылға деген сағынышы әрдайым тасып тұратын. Міне, соның айғағындай, мерей тойға алыс-жақыннан, туған жерін сағынып арнайы келген өнер майталмандарына арнап «Ауылға сағыныш» әнін тарту етті. Әншінің «Қаламқастық» әріптестері де ән шашуларын шашты. Квинтеттің орындауындағы «Абайдың облысы», «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің жігіттер триосының ««Хас жүйрікте сын болмас» әндері талғампаз көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. ҚР-сы «Мәдениет саласының үздігі» Косманавт Төлеухан Бауыржан Есебаевтың авторлығындағы «Апа» әнін орындап, мерейтой иесіне деген айрықша құрметін әнмен жеткізді.
Кешегі, 1972 жылы 17 жасында өнерге келген қаршадай ғана бойжеткен қыз Тамара Қауысқызы расында бүгін өнердің асыл анасы, немерелерінің аяулы апасы. Тома апамыз әншілік қызметті атқара жүріп, «Абай» халық театрының қойылымдарында басты рөлдерді сомдады. «Бөлтірік бөрік астында», «Әнім сен едің», «Партизан қыз», Күшік күйеу», «Ана-Жер-Ана», «Шыңғыс хикаясы» спектаклдерінде басты рөлдерді сомдады. Сондай ақ, 1989 жылы Қазақфильмнің «Шәкәрімнің соңғы күзі» атты көркем филімін түсіргенде «Ана» рөлін сомдады. Осындай бақытты шақтарын сыйлаған еліне деген алғысы шексіз таңғажайып талант иесі «Бақыт тілеймін», «Әке толғауы», «Ана жыры», «Саржалым», «Замандастарым» әндерін тамылжыта шырқады. Бұл әншінің әншілік қабілетін, табиғи дауысын аспандатқан, ерекше әндер болды. Тамара Көзбаеваның мәпелеп өсірген сүйікті қызы өнердегі өзінің жолын қуған Әсемі бүгінде «Қаламқас» ансамблінде. 100 ден аса шәкірт халықтың баласын тәрбиелеген талант иесі өнер жолында биік белестерді бағындырып келеді. Анасы мен қызы «Өмір-ай» әнін нақышына келтіре орындаса, Әсемнің өзі «Ажардың ариясын» жүрекке жеткізе шырқады. Тамара Қауысқызы 1973 жылы Чехословакияға өнер фестваліне барған болатын. Чехословакияда өткен өнер фестивалінде жақсы өнер көрсеткені үшін СССР-дің мәдениет минстрінің еңбек кітапшасына жазылған алғыс хатын алып, сол елде Халық әні Илигай әнін шырқаған болатын. (Илигай әні шырқалады).Бүгінде Тома апайдың жолын қуған ансамблдің болашақ жарық жұлдыздары осы әнді үйретуін сұрап, осынау кеште өздері «Илигай» әнін келістіре орындады.
Иә, өнер ұстанғанға бақ , ұстай алмағанға дақ болар. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Тамара Көзбаеваға деген халықтың ықыласы ерекше болды. «Қаламқастық» әріптес сіңілілері Жанат Хайсина мен Жайна Тұрсынбаева «Тойыңа гүл алып» әнін тарту етті. Құшағы гүлге, көңілі нұрға толған Тамара Көзбаева шығармашылық кешінің үшінші бөлімінде Г. Саринаның әні «Шығысым шырайлым», «Қызымын елдің», «Жақсы адамдар» әндерін бірінен соң бірін орындап, көрермендерді керемет әсерге бөледі.
Тамара өзінің тамаша кешінің соңында «Алғыс айтамын еліме» әнін орындап, құшағы гүлге толып, халқының мерейіне қанығып, үлкен ризашылықпен ақтарыла сөз сөйледі. Ол осы сахнадағы 52 жылғы еңбегім, ән салып, құрметке бөленіп жүргенім де елімнің, халқымның арқасы. Маған үлкен қолдау, көмек көрсеткен әріптестеріме, туған- туыстарыма, әсіресе аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлына басымды иіп үлкен алғысымды білдіремін ,-деді. Айналайын халқымнан деп тебіренген әнші расында да халықтың перзенті.
Талантымен талайды тамсандырған Тамара Қауысқызын 70 жас мерейтойымен құттықтаушылар легі көп болды. Өнеріне сүйсінген ақ жаулықты апалар мен ағалар, сыныптас құрбы-құрдастары, өнердегі әріптестері әр ән айтқан сайын гүл сыйлап, қошеметтеп қол соғып отырды. Өзінің туған жерге деген перзенттік махаббатын әнмен әлдилеген, тыңдарманын ғажайып дауысымен тамсандырған, қазақ өнерін төрткіл дүниеге танытуға 52 жылын арнаған Тамара Көзбаеваның «Таңғажайып талант иесі Тамара» атты шығармашылық ән кешінен өнер сүйер қауым зор әсермен тарасты.
Жарты ғасыр елін әнмен тербеген,
Өнерімен өмір шыңға өрлеген.
Қаламқаспен бірге жасап келеді,
Талантымен оқ бойы озып өзгеден.
Осылайша, өзінің әнімен де, сәнімен де халқының ықыласына бөленген өнер майталманына біз де өнер жолында қанатыңыз талмасын, өркендеп, өрлей беріңіз деген тілек білдіреміз.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Аbai elı»