Тоқтамыс ауылы қашаннан тарихқа бай өлке. Өткеннің ізі қалған ұлы адамдар өмірінің бір бөлшегі ретіндегі тарихи орындар да жетерлік. Иә, киелі Тоқтамыс ауылы бүгінде өсу, өрлеу, даму кезеңіне аяқ басып отыр. Олай дейтініміз, кәсіпкер қалталы азаматтарымыздың арқасында мешіт салынып, 50 орындық бала-бақша пайдалануға берілген. «Тоқтамыс ауылы азаматтары» қоры құрылып, ауылдағы игі-шараларға мұрындық бола бастағаны қай-қайсымызды да көңіл қуантады.
Әсіресе жергілікті кәсіпкер, ауылының атымтайы Абдильдин Ақан Құрманұлының қайырымдылық көмек еріндегі игі істері ел ауызында жақсы істерімен айтылып жүр.
Төртінші қазан күні Тоқтамыс ауылдық округінде Ж.Молдағалиев атындағы орта мектепті 1984 жылы бітірген түлектердің 40 жылдық кездесуі дүбірлі тойға ұласты. Игілікті шара «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің мерекелік бағдарламасымен басталды. Ауылдағы «Құрман» мешітінің алдында игілікті шараға жиналған көпшілік Тоқтамыс батыр бабамыздың ерлігі жайлы баяндалған «Шаңды жорық» атты көріністі тамашалады. Аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы игілікті шараның ашылу салтанатында түлектер мен ауыл тұрғындарын құттықтап, Ақан Құрманұлына ел атынан зор ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Ақан Құрманұлына Құнанбай тойының арнайы төсбелгісін табыстап, иығына шапан жапты.
Иә, ауылының атымтайы, жеке кәсіпкер Ақан Құрманұлына қандай құрмет пен қошемет көрсетсек те еш артықтығы болмас. Қашанда еліне болсын деп еміреніп, жұрты үшін жанын беретін жаны жомарт, мәрт қазақ оғланына бек жарасатыны хақ. Жанашырлықтың үлгісін көрсеткен Әбділдин Ақан Құрманұлы айтулы шара аясында ерекше қайырымдылық бастамасын жүзеге асырып, ауылдың көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, қарттарға жиыны 71 отбасыға 120 бас жылқы малын тегін таратты. Бір күннің өзінде бірнеше КАМАЗ автокөлігіне тиелген жылқы малы ауыл тұрғындарына таратылып берілді. Біріне үш, біріне екі жылқы, енді біріне 2 бұзау жазылған Сертификат иеленген ауыл тұрғындарының жүздерінен шынайы ризашылықтың лебін байқадық. Ақан мырзаға деген ақжарма алғыстарын жаудырып жатқан қарапайым халыққа қарап сүйсіндік, сүйіндік.
Бұл игі іс ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға және ауылдағы әлеуметтік әл-ауқаттың артуына айтарлықтай үлес қосқаны анық. Ауылдың ақ жаулықты әжелері қазақы дәстүрмен шашу шашып, тойдың ажарын ашып, сәнін арттырды.
«Болар елдің баласы бірін- бірі батыр дер» дегендей, дүйім жұрт жақсы көретін, әр ісімен ауылының әлеуметтік жағдайын көтеріп жүрген Тоқтамыс ауылының тумасы Ақан Абдильдин жайлы айтып өтсек, ол осы ауылдағы Ж.Молдағалиев атындағы орта мектептің түлегі. Ақанға өмір сыйлаған ата-анасын білетін ауылдастары олардың елге адал қызмет еткендіктерін мақтанышпен айтып жүреді. Аға-інілері де осы ауылдан түлеп ұшты. Ширақ, еңбекке деген құлшынысы жоғары А. Құрманұлы әскерге барып келгеннен кейін еңбекке етене араласты. «Еңбектің өнбегі бар»демекші, құрылыс саласында еңбектен бақытын тапты. Қай кезде де тумысынан қолы ашық, ізгі ниетті Ақан ауылдастарына қамқор болды. Өзіндегі барын бөліп беруді парызым деп санаййтын мәрт азамат жапа шеккен жоқ-жітік адамдарға қол ұшын беріп, қамқорлық жасаудан әсте тынбаған. Малдай, ұндай, сүттей, ақшалай көмектесті. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қысқы отын түсіріп берді. «Малды ауылдың ұрлығы жатпас» десек те, сол ауылдағы ұрлық-қарлықты да тыйған Ақан ағамыздың жақсылығын ауыл әлеуетін жақсартуға үлес қосқандығы деп білеміз. Жанына жақсы адамдарды үйіре білді, үлкенге де кішіге де сыйлы болды. Ең алдымен заманға сай қыстақтар салып ауылға үлгі көрсетті. Қыстағының өзінде қаладағы котедждер секілді үйін бөлек, қора-жайын алысқа салып, моншасын келістіріп, үйінің ішін жақсы жиһаздармен жабдықтап, әдемі, жылы, зәулім бір ұя жасады. Ақан Құрманұлы осындай жанға жайлы үйлер салғаннан кейін басқалар да сол істі жалғастыруға ұмтыла бастады. Қолда барды ұқсату, оның игілігін көру, басқалармен бөлісу Ақан Құрманұлының бұлжытпас қағидасы еді. «Мал баққанға бітеді» демекші, малы өсіп, өрісі кеңейеді. Ең алғаш Тоқтамыс батырға ас беріп, бәйге өткізу бастамасын да көтерген Ақан Құрманұлы болатын. «Қиын қыстау күндерде мені Тоқтамыс батыр бабаның рухы қолдады, батыр бабаның суреті менің жанымда болды» деп жақсылыққа балайтын ол осы істің басы-қасында жүрді. «Игі істің басына -жақсы келер қасына» демей ме, Тоқтамыс ауылындағы ең бір қасиетті тарихи жер «Қоңыр әулие» үңгіріне жан жақтан жанына шипа іздеп келген халық үшін барлық жағдайды жасады. Қонақжай салды, демалатын орыны мен тазалығына, тәртібіне мән берді. Ең бір жақсы қасиеті Ақан Құрманұлы жұмысшыларға адал болды. Олардың еңбектерін жемеді, барынша бағалап, отбасыларына көмек беріп отырды. Жалпы Абай ауданының тарихында қандай шаралар өтсе де қомақты қаражат құйып, жан жүрегімен тілеуқор болды. Міне, өзіндегі барымен бөлісу Ақандай атымтай жомарт аптал азаматтың елжанды мәрттігінің дәлелі болса керек. Еңбекқор, бір істі бастаса соңына дейін тап тұйнақтай аяқтайтын тынымсыз Ақан 1993 жылы Тоқтамыс батыр кесенесін көтергенде 500 қой таратты, 2005 жылы Көкпектіде Абай мектебі ашылғанда 1 автокөлік, 2007 жылы ауылда әке — шешесіне ас беріп, бәйгеге 5 машина тіккен. Абыралы өңірінің ардагерлеріне 9 мамыр Жеңіс күніне 50 бас жылқы таратқан. Абай, Шәкәрім тойына жаңа 1″Гранта» автокөлігін, Мотыш баба асында бәйгеге 1 темір тұлпар тікті. Балуан Зекен Шаймерденов ас бергенде 1 автокөлік, Медеу ауылында мешіт ашқанда 1 автокөлік, Құрман мешітін қайта жаңғыртып салды және мешіт имамына 1 автокөлік тарту етті. Қараусыз, шашылып қалған құрылысты жөндеп, «БЕРІК» тойханасын іске қосты, иелік жасады. Қазір мұнда ауыл клубы орналасқан. Тоқтамыс батыр ескерткішіне 5 жарым миллион қаражат қосты. Құнанбайдың 220 жылдығына 10 бас жылқы берді. Ауылдағы «Жадыра» зиратының қоршауын жасауға бастамашы, ұйымдастырушысы болды, 1 миллион қосты, асқа сояр малды да өзі көтеріп алды. Айтып тізе берсек таусылмастай игі істер тек халық үшін жасалынған.
Өмір бойы өзінің ақ адал еңбегімен жинаған дүниені тарата салу екінің бірінің қолынан келмесі анық. Бұл тек қана Ақан Құрманұлының қолынан келеді. Ақан Құрманұлы отбасылы. Бақытгүлдей парасат пайымы биік, түсінігі мол, адал жары бар. Қай уақытта да қола алған істері мен басталамаларына қолдау жасап жүрген жан жарының отбасында алар орны ерекше. Ағайын- туысқа қамқор да сыйлы отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиеленіп, ұлдарын ұяға, қызын қияға ұшырған жайы бар. Немерелерінің бәрін бауырына басып, ұрпақтарын аялап өсірді. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, ата кәсіптің ризығын көруді мансұқ еткен ол балаларын еңбекке баулып, отбасылық өмірлеріне тілекші болды. Өз алдарына енші бөліп беріп, бір-бір ауыл қылды. Бұның өзі ұрпақтың келешегін, болашағының жарқын да мұқтажсыз болуын ойлағандығының белгісі емес пе?!
Ақан Құрманұлының ауылдастарға жасаған сыйынан соң Тоқтамыс ауылдық клуб үйінің ғимаратында 1984 жылғы мектеп бітірген түлектер марқұм болған сыныптастарының рухтарына арнап ас берді. Сонымен қатар шара аясында Ақан Құрманұлының демеушілігімен «Қылыш төбе» ат шабу алаңында ұлттық спорттық жарыстар ұйымдастырылды. 10 шақырымдық «Жорға» жарысы мен 25 шақырымдық «Аламан» бәйге өте қызықты да тартысты өтті. Ақан Құрманұлы ауылда өтетін осындай шараларға үнемі бәйге тігеді. Осы жолы бас жүлдеге «Нива» автокөлігін тіккен болатын. 1 мотоцикл, 2 тай, қаражаттай жүлделері де бар.
Осылайша, бір ғана Тоқтамыс ауылында өткен шара – ауылдың бірлігі мен ынтымағын одан әрі нығайтты. Киелі Абай елінің басқа ауылдарына үлгі боларлық игілікті шара жалғасын таба берсін демекпіз.
Жаңа бастамалар ауылдың әл-ауқатын жақсартуға, халықтың рухын көтеруге және ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуға зор ықпал ететіні анық.
Анар СӘРСЕНБИНА,
«Ұлылар елінің ұрпақтары» журналының бас редакторы